Қазақстандағы авторлық қуыршақ өнері
Қазақстанда авторлық қуыршақ өнері қолөнер аясынан шығып, қазіргі визуалды мәдениеттің дербес бағыты ретінде қалыптасып келеді. Бұл туындыларда қол еңбегі, көркем ой, авторлық стиль және шебердің өмірлік тәжірибесі тоғысады. Әр қуыршақ – материалы, пішіні, мінезі мен идеясы үйлескен тұтас көркем бейне. Сондықтан бұл өнер түріне қызығушылық тек шеберлер арасында ғана емес, оны ерекше шығармашылық құбылыс ретінде қабылдай бастаған көрермендер арасында да артып отыр.Осы шығармашылық кеңістікті қалыптастырып отырған маңызды алаңдардың бірі – жыл сайын елдің әр өңірінен шеберлерді жинайтын «Art Dolls Collection kz» көрмесі. Биылғы көрме «Шығыстан Батысқа» тақырыбында өтті. Экспозицияға түрлі техникада және әртүрлі көркем шешіммен жасалған жүзден астам туынды қойылды. Көрме авторлық қуыршақ өнерінің мазмұны терең, мүмкіндігі мол, толыққанды көркем үдеріс екенін тағы бір рет айқын көрсетті.Осындай жобалардың мәдени орта үшін маңызы туралы көрме ұйымдастырушысы Татьяна Фисенкомен сұхбаттастық.– Көрме неге «Шығыстан Батысқа дейін» деп аталды?– Бұл атау, ең алдымен, көрменің географиясымен байланысты. Биылғы жобаға Астана, Павлодар, Жаркент, Шымкент және өзге де қалалардан шеберлер қатысып отыр. Біз осы көрме арқылы автордың тәжірибесі, дүниетанымы, өмір сүретін ортасы мен жеке эстетикасы қуыршақ өнерінде қалай көрініс табатынын көрсеткіміз келді. Көрмедегі әрбір туынды жеке болғанымен, барлығы бір кеңістікте тоғысып, ортақ көркем диалог құрайды.«Шығыстан Батысқа дейін» атауы біз үшін кең мағыналы ұғымға айналды. Біз бұл жобаның жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында өтіп, уақыт өте келе еліміздің әр өңірінен келген шеберлерді тоғыстыратын танымал мәдени алаңға айналғанын қалаймыз. Бұл – мәдени байланыс пен көркем үндестікті білдіретін идея. Себебі осы кеңістікте түрлі өңірлер, әртүрлі шығармашылық мектептер мен сан алуан көркемдік тәсілдер тоғысады.– Көрмедегі туындылар қандай қағида бойынша іріктелді?– Биыл экспозицияға түрлі техника мен көркемдік тәсілде орындалған шамамен 120 жұмыс қойылды. Біз үшін қатаң кураторлық іріктеуден бұрын, шебер өз шығармашылығын таныстыра алатын ашық алаң қалыптастыру маңызды. Сондықтан тым қатаң талап қоюдан саналы түрде бас тарттық. Өйткені біз автордың өзіндік көзқарасы мен дара қолтаңбасының сақталғанын қалаймыз.Әдетте көрме туралы алдын ала хабарландыру береміз, содан кейін шеберлер қатысу-қатыспау жөнінде өздері шешім қабылдайды. Алайда хабарландыруды бәрі бірдей көре бермейтіндіктен, кейбір авторларды арнайы шақырамыз.Басты ұстанымымыз – қуыршақты өнердің дербес түрі ретінде қабылдау. Сол себепті біз жұмыстарды тек техникасына, стиліне немесе тақырыбына қарап формалды түрде іріктемейміз. Біз үшін ең маңыздысы – автордың даралығы, жұмыстың тұтастығы және оның ішкі ниеті. Экспозицияда кездейсоқ қойылған туынды жоқ.– Бұл көрме жаңа авторларды танытуға және қуыршақ өнерін Қазақстанның мәдени кеңістігінде айқынырақ көрсетуге қаншалықты ықпал етеді?– Әрине, бұл көрме шебердің өзін танытуына кең мүмкіндік береді. Қатысушылар мұнда тек жұмыстарын көрсету үшін ғана келмейді. Олар кең аудиториямен жүздесіп, кері байланыс алып, өз шығармашылығының қызықты әрі қажет екенін сезінеді. Көрмеге журналистер де келіп, шеберлермен сұхбат жасайды. Соның нәтижесінде авторларға жаңа ұсыныстар түсіп, тапсырыстар пайда болып, олардың еңбегіне қызығушылық арта түседі.Біз үшін әр шеберді жай орындаушы емес, суреткер ретінде таныту маңызды. Сондықтан қатысушыларға өз жұмысының тарихын, қолданған техникасын, шабыт көзін, көркемдік идеясын, образдың қалай туғанын айтып беруді ұсынамыз. Әрине, бұл – автордың өз қалауына байланысты.Кейбір шеберлер үшін көрме жаңа тапсырыс беруші табуға да жол ашады. Бірақ бұл жерде коммерциялық мақсат бірінші орында тұрған жоқ. Ең бастысы – шығармашылық, шабыт және кәсіби орта.Сонымен қатар бұл көрме – шеберлердің өзара қарым-қатынас алаңы. Біз жылына бір рет бас қосып, бір-бірімізбен жүздесеміз, тәжірибе алмасамыз, қолдау көрсетеміз және жаңа идеяларды бірге талқылаймыз.– Экспозицияда ұлттық және тарихи-мәдени тақырыптағы жұмыстар неге көбірек көрінеді?– Меніңше, бұл көрменің Наурыз мерекесі қарсаңында өтуімен тікелей байланысты. Наурыз – дәстүр мен мәдени мұраның мәні терең сезілетін кезең. Сондықтан шеберлер өз жұмыстарында қазақ мәдениетінің байлығын, оның символдарын, танымал образдарын және сол ортаға тән көңіл күйді көрсетуге ұмтылады.Қуыршақ өнері арқылы суретшілер тарихи және мәдени тақырыптарды жаңаша пайымдайды. Олар батырлар бейнесіне, белгілі тұлғаларға, қазақ әйелінің келбетіне және дәстүрлі образдарға жиі жүгінеді. Бұл тек сәндік шешім емес. Бұл – мәдениетті көрнекі тілмен жеткізудің әсерлі тәсілі. Осындай образдар көрерменге жақын қабылданып, эмоциялық әсер қалдырады.Кейде бір ғана қуыршақ ұзақ түсіндірмеден де терең әсер етуі мүмкін. Өйткені көркем образ бірден ой салып, адамды өткенмен байланыстырады.Мұның жас ұрпақ үшін де маңызы зор. Балалар көрмеге келіп, көркем образ арқылы өз халқының тарихын, дәстүрі мен мәдениетін тани бастайды. Осы тұрғыдан алғанда, авторлық қуыршақ өнер ғана емес, мәдени-ағартушылық құрал да бола алады.– Қазақстандағы авторлық қуыршақ өнерінің болашағын қалай елестетесіз?– Болашағы зор. Бұл бағыт қазірдің өзінде қарқынды дамып келеді. Көрермен қызығушылығы да анық байқалады. Көрмеге келіп, туындыларды мұқият тамашалайды, пікір білдіреді, шеберлермен танысады, тіпті жұмыстарын сатып алады. Мұның бәрі авторлық қуыршақ өнерінің сұранысқа ие болып, мәдени ортада өз орнын қалыптастырып келе жатқанын көрсетеді.Шеберлер үшін бұл өзін танытуға, кәсіби өсуге және шығармашылық еркіндікке мүмкіндік беретін кеңістік. Әр туындыдан автордың идеясы, қол еңбегі, тәжірибесі мен даралығы көрінеді. Сондықтан әрбір қуыршақ – қайталанбас, мазмұны терең көркем шығарма.Бүгінде авторлық қуыршақ өнері заманауи өнердің бір бөлігіне айналды. Ол сәндік-қолданбалы өнерді, мүсінді, тоқыма мен дизайнды тоғыстырады. Көрмелер көбейген сайын бұл бағыттың маңызы да арта береді.Әрине, мұндай жобаларды жүзеге асыру үлкен еңбекті талап етеді. Қазір көрме жеке ресурстар есебінен ұйымдастырылып, әріптесім Алисамен бірге жүзеге асырылып келеді. Соған қарамастан, біз бұл жобаны дамытуды жалғастырамыз. Себебі оның мәдени орта үшін маңызы зор. Алдағы уақытта қатысушылар саны артып, кәсіби қауымдастық нығая түседі деп сенеміз.