
Көптен көзіміз үйренген бір мұра бар. Оны архив, ескерткіш, өткеннің куәсі іспетті қозғалмайтын нәрсе ретінде қабылдаймыз. Оны қорғаймыз, зерттейміз, сипаттаймыз, ғылыми және музейлік контекске енгіземіз. Бірақ мәдениеттің шынайы өмірі өткен дүниенің мұра болып тұрған кезінде емес, әңгімеге айналып, қайта жанданған сәтінде басталады.
«Таңбалы: Бабалар коды» жобасының негізінде де дәл осындай әңгіме жатыр. Көрме Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде ашылған. Жоба әйгілі петроглифтерге аса құнды археологиялық мұра ретінде ғана емес, ежелгі адамның әлем, табиғат, уақыт, аспан және өз орны туралы айтқан ойларын жеткізетін ерекше бейнелі тіл ретінде қарауды ұсынады. Мұнда тас – тарих жазылған құнды мұра болса, бейне – өткеннің өзегі емес, тірі болмыстың көрінісі.
«Таңбалы» музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жобасы бүгінгі визуалды кеңістікте сирек кездесетін қағидаға құрылған. Заманауи технология, көркемдік оптика және цифрлық орта көрерменге түпнұсқаны барынша дәл жеткізу үшін қажет. Бұл – көне дүниені «жаңарту» әрекеті емес, оны қайта көрудің амалы.
Мұндай көзқарас қалай қалыптасады? Көркемдік әдістегі жарықтың рөлі қандай және мұндай материалмен жұмыс істеудің күрделілігі неде? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Владислав Киммен әңгімелестік.

– Сіз үшін петроглифтер қай сәттен бастап көркемдік ойға айналды?
– Қазақстан бойынша экспедицияларымда мен петроглифтерді жиі кездестіретінмін, бірақ ұзақ уақыт бойы оларды көркемдік жұмыс нысаны ретінде қабылдамадым. Мен пейзаждарды, дәстүрлерді, шалғай өңірлердегі адамдардың өмірін түсіріп, оны образ, визуалды тарих, картина ретінде көрсетуге тырыстым. Ал петроглифтерге келгенде бәрі басқаша болды. Мен оларды ұзақ уақыт бойы өнер ретінде көре алмадым. Тек «Таңбалы» музей-қорығына барып, петроглифтерді зерттеумен айналысатын адамдармен танысқан кезде ойым өзгерді. Сол жерде бұрын басқа жерлерде байқамаған бір дүниені көрдім. Мұны рационалды түрде сипаттау қиын, өйткені ол сезім физикалық, энергетикалық әсерге ұқсас болды. Ішімде бір серпіліс болғандай күй кештім. Петроглифтердің бірін түсіріп алдым да, кейін үйде кадрларға ұзақ үңілдім. Бір сәтте бейне өздігінен айқындала бастағандай болды. Сол кезде ғана қорытынды жасадым. Дәл осы сәттен бастап петроглифті жай ғана көне таңба деп емес, әлі де сөйлей алатын, мағынасы бар форма ретінде қабылдай бастадым.

– Сіздің әдісіңізде шынайылық мәселесі өте маңызды. Петроглифтердің тілін заманауи визуалды формада мағынасын бұзбай қалай көрсетуге болады?
– Мен үшін бұл маңызды сұрақ. Ең бастысы – петроглифтің түпнұсқасын бір пиксельге де өзгертіп алмау. Мен оның формасын өзгертпеймін, суретке араласпаймын. Дегенмен, тастың беті, жарық, құрылым, фактура бейненің тереңдігін айқындап, түсін шоғырландыра түсуге мүмкіндік береді.
Фотографияда бұл процесті нәзік түстік түзетуге ұқсатуға болады. Ол жерде жаңа нәрсе ойлап таппайсың, тек барын ашып көрсетесің, оған көріну мүмкіндігін бересің. Кейін мен Таңбалыға қайта барып, бірнеше күн бойы өз түсіру әдістемемді жасап шықтым. Түсінгенім – мұндағы негізгі элемент – «күн».
Жарық, оның түсу бұрышы, қарқындылығы – петроглифті анық түсіруге мүмкіндік береді. Күн сәулесі тасқа түскенде түсті күшейтіп, бейнені тірілткендей болады. Осы материалмен жарты жылдан астам жұмыс істегеннен кейін мен петроглифті статикалық сурет ретінде көрсетуге болмайтынын түсіндім. Оны көрерменмен сөйлесе алатын бейне ретінде қабылдау керек.
Мен үшін маңыздысы – адам мұндай жұмысқа кезіккенде, онымен диалогқа түсуі керек. Кейде адамдар бұл бейнелер арқылы өз тәжірибесін, мағыналарын, жеке әсерін, тіпті ішкі сұрақтарына жауаптарын табады. Бір адам бір нәрсені көрсе, екіншісі мүлде басқа дүниені көруі мүмкін.

– Демек, жарық тек техникалық құрал ғана емес, сіздің көмекшіңіз деуге толық негіз бар ма?
– Иә. Түсіру өте күрделі процесс. Дайындықты қажет етеді. Үздіксіз жел, суық, судың болмауы жұмысқа әсер етеді. Бірақ басты рөлді тұрмыстық қиындықтар емес, табиғи жағдайлар атқарады. Әсіресе бұлттардың орналасуы, ауа температурасы және жарық әсер етеді.
Кейде петроглифтің дәл көрінуіне мүмкіндік беретін бірнеше минуттық жарықты ұстау үшін бірнеше рет қайта барып, түнге дейін қалуға тура келеді. Өйткені бұл бейнелер әрдайым оңай түсе бермейді. Күннің әртүрлі уақытында қажетсіз көлеңкелер пайда болып, кедергі жасайды.
Менде алдын ала жазылған нақты жоспар болған емес. Бұл жоба мен үшін қатаң өндірістік жоба емес. Көбінесе ішкі сезімге сүйене отырып, қай петроглифті қалай түсіру керегін шешемін. Кейде бір бейненің жүзден астам кадрын түсіретінмін, бірақ соңында тек біреуін ғана таңдап аламын. Мұндай сәтте көп нәрсе интуицияға байланысты.
Жұмысымның соңғы кезеңі – баспа. Мен әртүрлі материалдармен тәжірибе жасап, тек 100% мақтадан жасалған табиғи кенептің сапасын мойындадым. Сол кенепте бейне басқаша қабылданады, тіпті қосымша тереңдікке ие болады. Петроглифтерге жету де оңай емес. Тауға шығу керек, қажетті құрал-жабдық пен суды алып жүру керек. Дронмен түсіруге де тырысқан кездер болды, бірақ ол кадрларды алмадым. Ең жақсы нәтиже тек тасқа жақын барып, тікелей жұмыс істегенде шығады. Кейде бір петроглифке бір күн кетеді.

– Қазір көрме туралы кез келген әңгіме ерте ме, кеш пе технологияларға келіп тіреледі. Сіз заманауи технологиялар мен бұрмалау қаупінің арасындағы шекараны қалай түсінесіз?
– Мұндай жобада жасанды интеллектке сақтықпен қарау керек. Шекарадан асып кетіп, әсерді бұзып алу өте оңай. Көрермен жұмысты жасанды интеллект арқылы жасалған деп ойлауы мүмкін, мен үшін бұл дұрыс қабылдау емес. Петроглифтер бұзылмауы керек, өйткені бұрмалану арқылы олардың түпнұсқалығы мен ішкі энергиясы жоғалады.
Сондықтан мен ЖИ-ді аз қолданамын. Тек кейбір әңгімелерді тірілту үшін, шамамен үш мың жыл бұрынғы әлемді сезіндіру мақсатында ғана. Балалар мен жасөспірімдер үшін бұл жобаның қызығушылығын арттыруы мүмкін. Оларға тарихты визуалды түрде көрген қызық. Ал ересек аудиторияға түпнұсқадан ауытқымай көру қызық. Егер Таңбалыны кеңірек, халықаралық контексте қарастырсақ, цифрлық шешімдер петроглифтерді қалалық ортада көрсетуге көмектеседі, бірақ түпнұсқаны жеткізе алмайды. ЖИ өте мұқият қолданылып, түпнұсқаның мәнін өзгертпесе ғана жобаны шынымен де күшейте алады. Түпнұсқаға деген көзқарасты жоғалтуға жол бермеу өте маңызды.

– Бұл көрмені көне мұраны көрсету ғана емес, оны мәдени кеңістікте жаңаша танытудың жолы деп айтуға бола ма?
– Менің ойымша,болады. Бүгін петроглифтерді тек Бүкіләлемдік мұра нысаны ретінде сақтау ғана емес, оларды ұсынудың жаңа формаларын іздеу де маңызды. Көрме мен музейлік формат бір жағынан түпнұсқаға тікелей әсерді азайтуға, екінші жағынан аудиторияны айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.
Адам алғаш рет петроглифтерді Таңбалыда емес, көрмеде, каталогта немесе музей экспозициясында көрсе де, бұл мұраға қызығушылық пен құрметтің алғашқы қадамы. Мәдени мұра тек тар кәсіби ортада ғана өмір сүрмей, халыққа жетудің жолын табуы керек.
– Осы орайда халықаралық қауымдастық пен ЮНЕСКО-ның қызығушылығы жобаның маңыздылығына қалай әсер етеді?
– Мен үшін бұл жоба бастапқыда мемлекеттік, коммерциялық немесе институционалдық болған емес. Бәрі ішкі импульс ретінде, мен және петроглифтердің жеке диалогы ретінде басталды. Бұл жұмысты тапсырыс ретінде қабылдаған емеспін. Керісінше, өздігінен айтылғысы келген тарих сияқты көрдім. Мысалы, бейнелеу тұрғысынан айтсақ, петроглифтер «бізді әлемге көрсет» дегендей болды.
Сондықтан мен үшін халықаралық сарапшылар қауымдастығы мен ЮНЕСКО өкілдерінің жобаны қолдауы өте маңызды. Бұл Таңбалыны кеңірек танытуға мүмкіндік береді.
Халықаралық стандарттар тұрғысынан қарасақ, мен бұл жобаны ғылыми әдістеме емес, көркемдік ой-пікір ретінде қабылдаймын. Оның негізінде – түпнұсқаны құрметтеу және оны бұзбауға ұмтылу жатыр. ЮНЕСКО-ның назары өте маңызды, өйткені ол жобаға халықаралық салмақ береді.
– Бұл жұмыстың келешегін қалай елестетесіз?
– Алматыда VXN галереясы құрылды. Оның басты міндеті – Таңбалы петроглифтеріне және жалпы осы мәдени мұраға халықаралық қызығушылық қалыптастыру. Мен үшін бұл бір реттік жоба емес, ұзақ мерзімді стратегия.
Бүгінде біз тек көркемдік бағытты дамытумен шектелмей, қосымша форматтарды да жасаймыз. Оның ішінде коллекциялық бұйымдар, сыйлық өнімдері, шағын өнер нысандары, аксессуарлар бар. Бұл аудиторияны кеңейтуге және мұраны әртүрлі формада қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Болашақта жаңа көрмелер, галереялар ашу, шетелдік аудиториямен жұмыс істеу жайлы ойымыз бар. Бірақ басты мақсат әлдеқайда кең. Мен Қазақстанда толыққанды петроглиф музейінің пайда болуын қалаймын. Петроглифтердің пайда болған ортасы, мәдениеті және сол дәуір адамдарының өмір салты туралы әңгімелейтін кешенді орталық болса деймін.
Менің ойымша, бұл ғылыми-зерттеу орталығы да болуы керек. Тек Таңбалымен шектелмей, Қазақстанның басқа петроглифтерімен де жұмыс жүргізуді біріктірсе деймін. Ол уақытты, ресурстарды қажет ететін үлкен міндет. Мұндай жобалар болашақты қалыптастырады.
