
Бүгінде архаикалық пішімі мен дәстүрлі үлгісін сақтаған киім-кешектер негізінен музей қорында ғана сақтаулы. Осындай бай мұраны көздің қарашығындай қорғап, зерттеп, көпшілікке таныстырып келе жатқан мәдени ошақтардың бірі – екі ғасырлық тарихы бар ҚР Ұлттық орталық музейі. Музей қорында бас киімнен бастап аяқ киімге дейінгі ұлттық киім үлгілерінің мол коллекциясы жинақталған. Осы орайда біз ұлттық киім түрлері, олардың жасалу ерекшелігі мен тарихи мәні туралы музейдің қор сақтаушысы Мөлдір Сапарханқызымен әңгімелестік.
– Коллекцияның жинақталу тарихы туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл коллекцияның қалыптасу тарихы музейдің Орынбор қаласында құрылған кезеңімен тікелей байланысты. Сондықтан киім қорын шартты түрде «орынборлық» және «алматылық» кезең деп қарастыруға болады. Орынбор кезеңінде жиналған алғашқы киім-кешектердің арасында Жәңгір ханның есімімен байланысты бұйымдар бар. Ал музей Алматыға көшірілгеннен кейін қордың этнографиялық бағыты кеңейіп, Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне жасалған тарихи-этнографиялық экспедициялар нәтижесінде көптеген құнды жәдігерлер жиналды.
Осы мол мұраны халықпен қайта қауыштыру мақсатында Ұлттық орталық музей қала тұрғындары мен қонақтарына, сондай-ақ алыс-жақын шетелден келетін туристерге «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрсеткіші» атты көрме экспозициясын ұсынып келеді. Бұл көрме ұлттық киімнің жай ғана тұрмыстық бұйым емес, халқымыздың тарихы мен дүниетанымын бойына сіңірген мәдени код екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
– Қазақтың дәстүрлі киімдерінің басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Дәстүрлі киімдер көшпелі өмір салты үстем болған дәуірден бастап кейінгі ғасырларға дейін өзінің этникалық сипатын жоғалтпай, заман ағымына бейімделе отырып сақталды. Мұны археологиялық олжалар да, тарихи деректер де дәлелдейді. Соның бірі – «кебенекше ойып пішу» деп аталатын киім үлгісі. Бұл – қозғалысқа ыңғайлы, табиғат жағдайына төзімді, көшпелі өмірге толық бейімделген ерекше пішім.
Орталық Азияның қатал климаты, ұзақ көші-қон, табиғатпен етене тіршілік ету – мұның бәрі киімге ерекше талап қойды. Ол жылы болуы керек, жел мен жауыннан қорғауы тиіс, сонымен қатар адамның еркін қозғалуына қолайлы болуы шарт еді. Сондықтан қазақтың дәстүрлі киімінен тек әсемдікті ғана емес, өмір салтына дәл бейімделген практикалық шешімді де көруге болады.
– Ұлттық киімнің ішінде бас киімдердің орны ерекше ғой. Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз.
– Иә, ұлттық киімнің ең көрнекті әрі мәні терең бөлігі – бас киімдер. Мысалы, сәукеле – ұзатылған қыздың басты символы болса, кимешек – тұрмыс құрған әйелдің белгісі. Ал жаулық аналардың қадір-қасиетін білдіретін киелі бұйым саналған. Орамал мен жаулық қазақ әйелдерінің жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тіпті аймақтық ерекшеліктеріне қарай түрленіп отырған.
Қазақ халқында орамал кестесіне, шашағына, тоқылуына қарай кестелі орамал, шашақты орамал, ілме орамал, бөртпе орамал деп бөлінген. Ал матасына қарай шыт орамал, жібек орамал, шәйі орамал, ләтте орамал, бөз орамал секілді түрлері ажыратылған. Жаулықтың да өңірлік айырмашылықтары болды. Мысалы, Батыс Қазақстанда жаулықты кейде кимешектің сыртынан сәндік мақсатта киген. Егер кимешек қызыл жіппен кестеленсе, әйелдің күйеуі бар екенін, ал ақ жіппен «су тарту» өрнегімен кестеленсе, жесір екенін аңғартқан.
Ер адамдардың бас киімдері де табиғатпен үндестіктің нақты үлгісі. Қалпақ – күннен қорғайтын жеңіл әрі ыңғайлы бас киім болса, тымақ – қақаған қыста таптырмас қорған. Оның да түрлері көп: түлкі тымақ, пұшпақ тымақ, сеңсең тымақ. Бұлардың бәрі қазақ шеберлерінің тұрмысқа бейім, ойластырылған киім үлгілерін жасаудағы іскерлігін көрсетеді.
– Көрмеде ұсынылған ерекше жәдігерлердің қатарында қандай киім үлгілері бар?
– Көрмеде ХІХ-ХХ ғасырларға тән сәукеле, зерлі шапан, камзол, кимешек сияқты сирек кездесетін киім үлгілері қойылған. Солардың бірі – сәукеленің ішінен киілетін «зере» деп аталатын бас киім. Бұл үлгі ХІХ ғасырдың соңына қарай қолданыстан мүлдем шығып кеткен. Соған қарамастан музей қорында оның архаикалық нұсқасы сақталып, бүгінде көрермен назарына ұсынылып отыр.
Сырт киімдер де қазақ қоғамында тек тұрмыстық қызмет атқарып қана қоймай, әлеуметтік мәнге де ие болды. Мысалы, шапан – әрі күнделікті, әрі салтанатты жағдайда киілетін әмбебап киім. Көрмеге қойылған күдері шапанның бір түрі ХІХ ғасырдың соңына жатады. Ол қоңыр түсті күдеріден құрап тігілген, ер адамға арналған сырт киім. Пішімі трапеция тәрізді, астарсыз. Өңірі мен етегі, жең аузы ішке қарай бүгіліп өңделген. Бұл бұйым музей қорына 1930 жылдары Орынбордан алынған.
– Ұлттық киімнің сәндік және тұрмыстық қызметі қатар көрінетін үлгілер туралы не айтар едіңіз?
– Қазақ киімінде сән мен қолайлылық әрдайым қатар жүрген. Камзол мен бешпент – соның айқын мысалы. Ал тон мен ішік суықтан қорғанудың ең сенімді құралы саналған. Бағалы аң терісінен тігілген ішіктер адамның әлеуметтік мәртебесін де танытқан.
Сонымен қатар көрмеде жарғақ шалбардың да бірнеше түрі бар. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Оңғарбаева Зәуре тіккен жарғақ шалбар ерекше назар аударады. Оның бүйірі мен балағы күдеріге түскен көгеріс текті өрнектермен кестеленген. Өрнек құрылымында ирек ою, жарты шеңбер, алақұрт бейнесі, көпжапырақты гүл, ұзын жапырақты сабақ, ашылмаған гүл қауызы секілді композициялық элементтер кездеседі. Өрнектің контуры қоңыр түсті жіппен жүргізіліп, іші түрлі түсті жіптермен көмкерілген. Ышқырындағы қолқаға сары түсті жібек жіптен ширатылған бау өткізілген. Бұл шалбар 1951 жылы Алматы қаласының тұрғыны Фахриева Жаухардан алынған. Бұдан бөлек көрмеден жырым балақ, күдері жарғақ, тері шалбар, кестелі жарғақ шалбар сияқты үлгілерді де көруге болады.
– Аяқ киім үлгілері жайында не айтуға болады?
– Аяқ киімдер де үлкен шеберліктің нәтижесі. Оларды арнайы шеберлер тіккен және бұл өнер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған. Мәсі, саптама етік, пима – барлығы табиғи материалдардан жасалып, жоғары сапасымен ерекшеленген. Әрбір аяқ киім түрі жыл мезгіліне, адамның жасына, тіпті атқаратын қызметіне қарай бейімделіп дайындалған. Бұл қазақ қолөнерінде тұрмыстық қажеттілік пен эстетикалық талғамның үнемі қатар жүргенін көрсетеді.
– Бүгінгі қоғам үшін ұлттық киімнің мәні неде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі – сан алуан тарихи, мәдени, әлеуметтік ақпаратты бойына жинақтаған ерекше құндылық. Онда халықтың дүниетанымы, өмір салты, талғамы, жас ерекшелігі, әлеуметтік мәртебесі, тіпті аймақтық айырмашылықтары көрініс тапқан. Сондықтан оны сақтау, зерттеу және жаңғырту – әрбір ұрпақтың маңызды міндеті.