ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ

Бұл бөлімде пайдаланушылар Қазақстанның дамуы мен перспективалары туралы ақпарат таба алады

Қазақстан туралы

Қазақстан Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан. Оның аумағы 2 724 900 шаршы метрді құрайды. Өз аумағы бойынша Қазақстан Еуропалық одақтың он екі елінен үлкен Қазақстан Қытай, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресеймен шектеседі. Шекараның жалпы ұзындығы – 12 187 шақырым.

Ұлы даладағы мемлекет

Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.

Халық: Қазақстанның жаны мен жүрегі

Қазақстан халқының саны 20 млн. адамнан асады. Қазақстан – 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын көпұлтты зайырлы мемлекет.

Мәдениет: Көшпенділер мұрасы

VI ғасырдың басында бүгінгі қазақ жерінде аса күрделі бетбұрыстар болған. Алтай-Сібір, Моңғолия жерінде түркі тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп, әскер күшіне сүйенген Түрік қағанаты атты ерте феодалдық мемлекет құрды. Олардың жері Орта Азия аймақтарын қамтыған. Қазақстан да бұл қағандықтың құрамына кірген.

Экономика: Алға қарай көзқарас

Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанға әлемнің 120-дан аса елінен 330 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылды. Қазақстан Қытай мен Қатардан кейін ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығының ең серпінді 25 экономиканың арасында үшінші орынға ие. Қазақстанның әлемдік саудадағы рөлі мен жаңа Жібек жолындағы орталық орында орналасуы елге миллиардтаған адамға өз нарықтарын ашуға мүмкіндік берді. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 2015 жылы мүше болды.

Қазақстан әлемдік аренада

Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Халықаралық аренада мемлекетіміз өзінің тарихи, геосаясаттық және экономикалық факторларына байланысты көп ғасырлар бойы сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татуластық және олардың аймақтық біртұтастығын кұрметтеу принципіне негіздеп жүргізіп келеді.

Бүгінгі Қазақстан: Энергия, талпыныс, болашаққа қадам

Қазақстан – бұл түрлі идеялар мен пікірлердің тоғысқан жері. Қазақстан әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 50 экономиканың қатарына кіреді, ал оның жастары халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жетекші орындарды иеленеді.

Қазақстан Бейжің төрінде

2025 жылы Бейжіңде Қазақстанның шетелдегі тұңғыш мәдени орталығы ашылды. Бұл – қытай жұртшылығын Ұлы даланың бай тарихымен, ұлттық дәстүрлерімен және заманауи өнерімен таныстыратын бірегей мәдени алаң.

Жалпы аумағы 620 шаршы метрді құрайтын орталықта тарихи жәдігерлер қойылған көрме залы, кітапхана, қазақ тілі кабинеті, музыкалық-шығармашылық кеңістік және мультимедиялық алаңдар орналасқан. Мұнда көрмелер, дәрістер, концерттер, кино көрсетілімдері, домбыра мен қобыз тарту бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ ұлттық тағамдардың таныстырылымдары өткізіледі.

Орталық қытайлық көрерменге өзіндік болмысы айқын, мәдениеті бай әрі сан қырлы заманауи Қазақстанды жақыннан тануға мүмкіндік береді. 

Қазақстан өнерінің жауһарлары – Третьяков галереясында

2025 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесі ашылды. Бұл 34 жылдан кейін Ресей астанасында ұйымдастырылған қазақстандық суретшілердің алғашқы ауқымды көрмесі.

Көрермен назарына Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі қорынан алынған кескіндеме және мүсін өнерінің 60-тан астам туындысы ұсынылды. ХХ ғасыр шеберлерінің шығармалары ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасу жолын, Ұлы дала тіршілігін және қазақ қоғамындағы өзгерістерді кеңінен танытты.

Экспозицияға Әбілхан Қастеевтің көркем туындыларымен қатар, белгілі мүсіншілер Төлеген Досмағамбетовтің, Еркін Мергеновтің, Ольга Прокопьеваның және Ескен Сергебаевтың еңбектері енді.

Венециядағы дала үні

2026 жылы Қазақстан 61-ші Венеция биенналесінде «Qoñyr: Тыныштық архиві» жобасымен Ұлттық павильонын таныстырды.

Museo Storico Navale музейінің бес залында орналасқан экспозиция дыбыс, жарық, кеңістік пен көркем бейнелер арқылы өрілетін тұтас сапар ретінде құрылды. Қазақстандық заманауи суретшілердің инсталляциялары руханият, дала дәстүрі және мәдени сабақтастықты арқау етті.

Көрме кеңістігінде күй әуені қалықтап, жылқы мен дала табиғатының бейнелері жаңаша сипатта көрініс тапты. Ал күнделікті тұрмыста қолданылған бұйымдар көркемдік жадыны сақтайтын өзіндік архивке айналды.

Ұлттық павильон Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы заманауи өнер тілінде қалай жаңаша үн қататынын көрсетті.

Леонардо да Винчи: өз дәуірінен озған идеялар

2026 жылы Бейбітшілік және келісім сарайында Қайта өрлеу дәуірінің ұлы ойшылының өмірі, ғылыми ізденістері мен инженерлік мұрасына арналған «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесі ашылды.

Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрге жуық көрме кеңістігінде Леонардо да Винчидің сызбалары негізінде жасалған 40-тан астам толық көлемді механизм үлгісі ұсынылды. Олардың қатарында ұшу аппараттары, әскери машиналар, инженерлік құрылымдар мен өз дәуірінен әлдеқайда озық тұрған түрлі тетіктер бар.

Экспозиция ауа, су, жер және от тақырыптарына арналған бірнеше бөлімге бөлінді. Жеке кеңістікте шебердің әйгілі туындыларының репродукциялары қойылды. Ал LED-туннельдер, цифрлық проекциялар мен голографиялық инсталляциялар келушілерге Леонардоның батыл идеялары қозғалыс үстінде қалай жүзеге асуы мүмкін екенін көруге мүмкіндік берді.