Ерлан Жүніс

Ерлан Жүніс - қазақ ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.

1984 жылы 7 қарашада Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Әлем тілдері» факультетін «әдебиетші, филолог» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Жастайынан әдебиетке жақын болып, түрлі шығармашылық байқауларда жүлдегер атанды. 2001 жылы «Абай оқуларында» Бас жүлде иеленсе, 2006 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде Президент кубогі мен Бас жүлдеге ие болды.

Ақынның «Жыр-Перзент» (2001), «Киелі түндердің дұғасы» (2011), «Хауас» (2013), «Ғаусар» (2014), «Үміт жырлары» (2015) атты жыр жинақтары жарық көрген.

Әр жылдары Жамбыл облыстық «Ақ жол», «Ар-Ай» газеттерінде, республикалық «Қазақ әдебиеті», «Айқын» басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағында әдеби консультант болып қызмет атқарған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан құрылған «ТӘЖ» (Тәуелсіздік. Әдебиет. Жастар) әдеби-интеллектуалды клубының жетекшісі.