Ерте заманда бір көпті көрген көнекөз қарттың жеті ұлы болыпты. Жетеуі де елге қорған, жұртқа пана болғандай атпал азаматтар екен. Сол заман жаугершілікке толы, тынышсыз кез болса керек.
Күндердің бір күнінде күнінде алаөкпе болып жаушы жетіп, ел шетіне дұшпан әскерінің тұяқ іліктіргенін хабарлайды. Қарттың жеті ұлы мұздай сауыттарын киіп, жаудың алдын алуға аттанады.
Жау да мықты, жарағы берік екен. Дұшпан жасағымен арада қанды шайқас басталады. Ел ішінен қол жинап, жауға қарсы шыққан жеті жігіт иықтаса жүріп ұрыс салып, жойқын ерліктер көрсетеді. Жаудың бетін қайтарады. Бірақ бұл шайқаста жеті бауыр да ерлікпен қаза табады.
Қаралы хабар қарт әкеге жетеді. Жеті боздағынан бірдей айырылған қарттың қайғысында шек болмайды. Еш жұбаныш таппай, жаны мүжіле береді. Арада күндер, айлар өтсе де, жеті ұлының қылық-қасиеті санасында жаңғырып, жанын жегідей жеумен болады. Әбден шарасы таусылып, шыдамы үзілген қарт күндердің күнінде бір аспап жасайды да, жеті ұлының рухына арнап жеті ішек тағады.
Әр баласының қылық-қасиетін елестетіп отырып, қарт жеті күй шығарады. Сол жеті күйді перзентіндей тербеп, қалған өміріне жұбаныш етіп өтеді.
Осылайша, жетіген аспабы дүниеге келеді. Ал, қарттың жеті ұлына арнап шығарған жеті күйі ел ішіне «Қарағым», «Қанат сынар», «От сөнер», «Бақыт көшті», «Күн тұтылды», «Құса», «Шамырқан» деген атпен тараған екен.