Ертеде Қорқыт ата Желмаясына мініп, қолына қара қобызын алып, ел аралап жүреді екен. Ол адасқанға жөн көрсетіп, қиналғанға ақыл айтып, болашақты болжайтын көреген жан болыпты. Көргені мен сезгенін қобыздың қоңыр үніне қосып, күй арқылы жеткізеді екен.
Күндердің бір күнінде Қорқыт түсінде ақ сақалы беліне түскен, ақ таяқ ұстаған бір әулиені көреді. Әулие оған аян беріп:
– Уа, Қорқыт, егер сен өлімді аузыңа алмасаң, саған ешқашан өлім болмайды, – дейді. Қорқыт оянып кетіп, бұл сөзді өңінде естігендей болады. «Тәңірінің бұл да бір сыны болар» деп, әулиенің сөзін көңіліне түйіп алады.
Содан жылжып жылдар, сырғып күндер өтеді. Қорқыт әулиенің өсиетін ұмытпай, өлім туралы сөзді аузына алмай, ел аралап, қобызын тартып жүре береді.
Бір күні ол Желмаясының бұйдасын тартып, тыныстап отырғанында бір ауылдың адамдары қашаған бір өгізді ұстай алмай, әбігерге түсіп жатқанын көреді. Ауылдың тайлы-таяғы қалмай жиналса да, асау өгізді қайыра алмайды. Сонда Қорқыт Желмаясына мініп, өгізді қайырып бермек болады. Бірақ қашаған өгіз Желмаяға да бой бермейді. Қуа-қуа әбден титықтап шаршайды. «Қап, саған өлсем де жетпей қоймаспын!» деп Желмаясын тебіне түседі. Осы сөзді айтуы мұң екен тарғыл тана тасқа айналып, қатып қалады. Тасқа айналар алдында оған тіл бітіп, былай деп мұңын шаққан екен:
Менің өзім қара едім,
Қарадан туған ала едім.
Туған жерім – Қазалым,
Мына тау болды-ау ажалым!
Осыны айтып, тарғыл тана тасқа айналып қалыпты. Сол сәтте Қорқыт аузынан өлім туралы сөз шығып кеткенін түсініп, қатты өкініпті. Бірақ айтылған сөз қайтып келмейді. Тағдырдың жазуына қарсы тұру мүмкін емес екенін ұққан Қорқыт терең мұңға батады. Содан кейін ол Желмаясын желдіртіп, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді.
Ал осы оқиға Қорқыттың қобызына «Тарғыл тана» деген күй болып қоныпты деседі.