Ертеректе жүйрік атты жазбай танитын сыншы, атбегі болыпты. Оның өзімен бірге қартайған Кәрібоз деген жүйрігі болса керек. Кәрібоз құнанынан бастап қартайғанға дейін рулы елдің ішінде болған ірілі-уақты барлық тойда алдына ат салмаған жүйрік аталады. Кәрібозды көріп талай той иесі бәйгесін шаппай беріпті.
Кәрібоз қартайып, алжыған шағында Салторының атағы жайылады. Салторы көмбеден ат шыққан жерде-ақ, суырылып алдына шығып, сол күйі шаңын көрсетпестен көш бойы бұрын келеді екен. Кәрібоз қырық жасқа келіп, жүрісінен жаңылып, қырқылжың тартқанда бір үлкен той болып, бәйгеге Салторы қосылады. Сағымдай сылаңдап, шұлғып басып, ауыздықпен алысып кетіп бара жатқан бәйге аттарын көрген Кәрібоз өрістену шапқан күйі иесінің үйіне келеді де, жабыққа басын салып, тықыршып тұрып алады. «Қасиетті жануарым алжыған екен», деп ойлаған иесі Кәрібоздың тықыршығына төзе алмай: «Тағы бір шауып келгісі келіп тұр ма?» дейді де жүгендеп, бір баласын мінгізіп, бәйгеге кеткен қалың аттың соңынан қоя береді.
Үйден шыға құйғыта жөнелген Кәрібоз лезде бәйге аттарын қуып жетіп, қатарға қосылады. Аттар межелі жерге барғаннан кейін
қайтарылады. Салторы дағдылы әдетімен ә дегеннен-ақ оқ бойы атылып шығып, көпке дейін алдына ат салмайды. Кешікпей-ақ, көмбенің қарасы көрініп, ат қосқан елдің ұрандаған дауысы естіледі. Сол кезде қырқылжың тартқан Кәрібоздың белі көтеріліп, делебесі қозып, Салторыны тықсыра түседі. Салторымен жесісіп келе жатқан Кәрібоздың үстіндегі тазша бала:
«Алыспан да салыспан,
Салторыдан қалыспан.
Салторыдан қалыссам,
Байдың тайын алыспан.
Бұл Кәрібоз әлі де
Қалған емес жарыстан!» – деп, қамшыны басады. Кәрібоз ышқына шауып, көсіле сілтегенде Салторыны тұсаған аттай артына қалдырып, көмбеге оқ бойы бұрын келеді. Келген бетте пышаққа ілінген екен. Кәрібозды білетін халық мұны да қас жүйрікке тән қасиетке балап, ырым көріп, етін бір-бір жапырақтан пышақ үстінен бөлісіп әкетеді.