Магауия Хамзин – қазақтың әйгілі домбырашысы, күйші-композиторы, шертпе күй дәстүрінің көрнекті өкілі. Ол 1927 жылы 29 желтоқсанда қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 10 жасынан домбыраға әуестеніп, ұлттық күй өнерінің биік шыңына көтерілді.
Хамзиннің күйшілік жолында әкесі Хамза, сондай-ақ әйгілі Аққыз күйші маңызды рөл атқарды. Ол Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлерін шебер орындап, алғашқы талантын көрсетті. 1949 жылы Алматы музыкалық училищесін тәмамдап, Қарағанды филармониясында өнер көрсете бастады. Кейін Қазақтың халық аспаптар оркестрінде қызмет етіп, «Қазақконцерт» бірлестігінде жеке домбырашы ретінде танылды.
Мағауия Хамзин дәстүрлі күйлермен қатар заманауи тақырыптарға да туындылар жазды. Оның шығармалары арасында: «Қосбасар» (екі нұсқасы), «Шахтер күйі», «Космонавтар», «Алтын астық», «Жайлау», «Жарыс», «Амангелді туралы күй», «Шопан күйі», «Белгісіз солдат», «Тоқырауын толғауы», «Жас қазақ» секілді күйлер бар.
Домбыра өнерінің нағыз шебері атанған Мағауия Хамзин 1979 жылы Қазақ КСР-інің халық әртісі атағын алды. 1998 жылы Құрманғазының 175 жылдығына арналған халықаралық фестивальде төкпе күйші Рысбай Ғабдиевпен бірге «Дәстүрлі музыка өнеріне сіңірген зор еңбегі үшін» жүлдесін иеленді.
Мағауия Хамзиннің шығармашылығы қазақ күй өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ол ұлттық музыканың алтын қазынасында мәңгілік қалатын туындылар қалдырды.