Қорқыт өлімге бойсұнбай, ажалдан құтылудың жолын іздеп, дүниенің төрт бұрышын кезеді екен. Бірақ қай жерге барса да, алдынан қазылып жатқан көрді көреді.
Ақыры өлімнен құтылмасын білген ол Сырдария өзенінің бойына келеді. Өзеннің ағын суының үстіне кілем жайып, қарындасын қасына отырғызады да, сол кілемнің үстінде отырып қобызын тарта бастайды. Қобыздан төгілген күй өте мұңды, жүректі тербейтін зарлы әуен екен. Қорқыт туған жерімен, елімен, өмірімен қоштасқандай болып, бірінен соң бірі күйлерін төгеді. Өзен бойындағы жұрт қобыздың қоңыр даусын естіп, шыдай алмай, Сырдың екі жағалауына жиналып, үнсіз тыңдайды.
Ал өзеннен алысырақ жерде отырған көшпелі елдің қыздары да кешқұрым қобыздың әуезді үнін естіп қалады. «Жақын жерде бір өнерпаз отырса керек» деп қызығып, қырық қыз сол жаққа қарай жүгіре жөнеледі. Бірақ жол алыс болады. Жүгіре-жүгіре шаршаған отыз тоғыз қыз жолда жан тапсырады. Бір ақсақ қыз ғана баяу жүріп, Сырдың жағасына жетеді. Ол Қорқытты көрген сәтте өзі де көз жұмады екен.
Аңыз бойынша, сол ақсақ қыздың моласы Қорқыт атаның жатқан жеріне қарсы, шамамен бір шақырымдай жерде орналасқан төбенің үстіне қойылған. Халық оны бүгінге дейін «Ақсақ қыздың белгісі» деп атайды.
Ал Қорқыт кілем үстінде қобызын тартып отырған кезде, Сырдың ағысы кілемді бір иінге соғып тоқтатады. Сол жерде оның қазулы көрі де дайын тұр екен. Осы кезде жан алғыш періште – Әзірейіл де жетіп келеді. Сол сәтте Қорқыт тылсым күшпен өзін көбейтіп, қырық Қорқыт болып көрінеді. Әзірейіл олардың қайсысы шын Қорқыт екенін айыра алмай, аң-таң болады. Сонда Құдіреттің әмірі естіледі:
– Қырықтың қайсысы бұрын кірпігін қақса, соның жанын ал!
Жаны бар Қорқыт кірпігін қаққан кезде жаны алыныпты. Қорқыт атаны сол жерде дайын тұрған көрге қояды. Содан бері халық Қорқыт атаның жатқан жерін қасиетті орын деп қадірлеп, құрмет тұтады.