Қарлығаш әулие

Ел басына күн туған, жаугершілік заманда қазақ даласы талай қиындықты бастан кешкен. Сондай ауыр кезеңдердің бірінде Ұлы жүздің бас биі, дана шешен Төле би елін аман алып қалудың жолын іздеп, сабыр мен ақылға жүгінген екен.

Жоңғар шапқыншылығы күшейіп, жұрт үйлерін тастап, қауіптен қаша бастайды. Алайда сол уақытта Төле би ғана жұртпен бірге көшпей, өз шаңырағын бұзбай орнында қалыпты. Көп ұзамай жоңғар әскері ауылға жетеді. Қараса, қаңырап бос қалған ауылдың ортасында түтінін тұтатқан бір ғана үй тұр екен. Мұны көрген жоңғар қонтайшысы таңданып, ел үдере көшкенде, өзінен қорықпай отырған адамның кім екенін білмекке кісі жібереді. Жау әскерлері үйге баса-көктеп кіріп, Төле биден неге көшпегенін сұрайды. Сонда би сабырмен сөз бастап:

– Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Ұясына жұмыртқа басып, балапан шығарып жатқан. Қарлығаш адам баласына қастық жасамайтын, керісінше, жақсылықтың белгісі болған құс. Дүние жүзін топан су басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін қорғаған да, адамды жыланнан сақтаған да осы қарлығаш еді. Балапандары қанаттанғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Жау жағадан алды екен деп ұясын бұзып, балапандарды шырылдатқым келмеді. Егер біреу сендердің үйлеріңді ойран етіп, бала-шағаларыңды шырылдатса, өздеріңе жақсы болар ма еді? – дейді.

Төле бидің сабырлы да әділ сөзі жоңғарларды ойға қалдырады. Бұл әңгімені естіген жоңғар қонтайшысы:

– Бұл жай адам емес, әулие кісі екен, – депті деседі. Содан кейін ол әскеріне Төле бидің шаңырағына да, сол отырған ауылға да тиіспеуді бұйырады.

Осылайша, дана би бір ғана қарлығаштың ұясын қорғап қаламын деп, бүкіл ауылды жаудың шапқыншылығынан аман алып қалған екен. Содан бері халық Төле биді «Қарлығаш әулие» деп атап кеткен деседі.