Есте жоқ ескі заманда домбырада жалғыз ғана ішек, ал тауқұдірет құсында жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен.
Домбыра бір ішекпен үн шығарып тұрса да, іштей бір нәрсенің жетіспейтінін сезеді. Ал тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын айтып, көк жүзінде еркін қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап, «құдірет-ау, құдірет» деп жалбарына береді.
Күндердің күнінде аталық тауқұдірет бір ойға келеді.
«Бұлай зарлап жүре бергенше, бір талпынып көрейік», – дейді ол аналық тауқұдіретке. Сөйтіп екеуі бір-біріне сүйеніп, қанаттарын серпіп қалады. Сол сәтте олардың бауырлары жерден көтеріліп, көкке қалықтай жөнеледі. Жер беті төменде қалып, қос құс көк жүзінде еркін самғайды. Жел олардың қанаттарын сүйемелдеп, биікке көтере түседі. Қуаныштан жүректері лүпілдеген қос тауқұдірет: «Құдірет-ау, құдірет! Мұныңа да шүкір!» деп Тәңірге ризашылықтарын білдіреді.
Содан бері тауқұдіреттің балапандарына Тәңірі қос қанат дарытқан екен дейді.
Бұл оқиға туралы естіген домбырашы ойға қалады.
«Екі қанат қосылғанда құс ұшты. Ал егер домбырада екі ішек болса, қалай болар екен?» – деп ойлайды. Сөйтіп ол домбырасына екінші ішек тағып көреді. Қос ішекті домбыраны шертіп қалғанда, бұрын-соңды естілмеген әсем үн төгіледі. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Сол сәтте ол ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды. Күй арқылы тауқұдіреттің бастапқыдағы мұңын, «құдірет-ау, құдірет» деп Тәңірге жалбарынғанын, кейін бір-біріне сүйеніп, көкке самғаған қуанышын күймен баяндайды.
Шынында да, бұл күйді тыңдап отырғанда, кей тұстарында домбыраның үні «Құдірет-ау, құдірет…» деп тұрғандай әсер етеді екен.