
Бұрынғы өткен заманда үлкен өзеннің бойында Саржан Томанышұлы деген атақты аңшы өмір сүріпті. Оның Айсұлу атты жары болған екен. Күндердің бір күнінде Айсұлу дүниеге ұл әкеледі. Қуаныштары қойнына сыймаған ата-ана елді жинап, үлкен той жасап, сәбиге Толағай деп ат қояды.
Бала ерекше болып өседі. Ол ай санап емес, күн санап бой түзеп, тез есейеді. Төрт жасқа келгенде-ақ нағыз батырдай қайратты болады. Ал жеті жасқа толғанда онымен белдесетін адам табылмайды. Әкесімен бірге аңға шығып, мергендігімен көзге түседі.
Бір жылы елге ауыр жұт келеді. Жаңбыр жаумай, жер қуаң тартады. Шөп қурап, мал қырыла бастайды. Адамдар да шөлден қиналады. Бір күні Толағай ыстықтан киіз үйді паналап отырған анасына қарап:
– Апа, жаңбыр мол жауатын, жері шүйгін мекен бар ма? — деп сұрайды.
Сонда анасы жас кезінде көрген бір ғажайып жерді еске алады.
– Қиырда аспанмен таласқан асқар таулар бар. Ол жерде жаңбыр жиі жауады, шөбі шүйгін, табиғаты көркем. Ол жердің аты – Тарбағатай, – деп ұзақ әңгімелейді.
Осыны естіген Толағай елін құтқарудың жолын табамын деп шешеді. Ұзақ жол жүріп, қарлы шыңдары аспанға тірелген тауларға жетеді. Сол таулардың арасынан төбесін бұлт жапқан, орманы қалың, құстары сайраған бір әсем тауды көреді. Толағай сол тауды құшағына алып, бар күшін салып көтереді де, арқасына салып еліне қарай алып жүреді.
Бір күні ел адамдары алыстан жылжып келе жатқан үлкен тауды көреді. Жақындап қараса, оны арқалап келе жатқан Толағай екен.
Сол сәтте аспанды қара бұлт торлап, найзағай ойнайды. Күн күркіреп, көптен күткен жаңбыр селдетіп жауа бастайды. Қуанған халық
«Толағай! Толағай!» деп ұрандап, батырды қарсы алады. Қураған дала қайта тіріліп, шөп көктейді. Мал мөңіреп, жан-жануарлар шулайды. Алайда, шаршаған батыр тау астынан шыға алмай «Апа!» деген жалғыз ауыз сөзге ғана шамасы келеді де, мәңгіге тау астында қалады.
Батырынан айырылған ана зар еңіреп жылайды. Халық та қара жамылып, тіпті тау да қайғыға шыдай алмай, көз жасындай бұлақтар ағып кеткен дейді. көзінен жас бұлақ болып ағады. Содан бері бұл тау Толағай деп аталыпты.