Әзірет Сұлтан: Киелі мекендегі сәулет өнері

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ислам дінінің көрнекті насихаттаушысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап, XIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесене негізінде, 1978 жылдың 30 қыркүйегінде Түркістан қаласында музей ретінде ашылған.

Қорық-музейдің құрамында 43 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың қатарына шығыс моншасы, бірегей жерасты мешіті, әртүрлі дәуірлерге жататын медреселер, кесенелер мен сағаналар, бекініс қабырғасы бар цитадель, бекініс қақпалары және көне қоныстар кіреді. Сонымен қатар, музей қорында 25 594 дана құнды тарихи жәдігер, бейнелеу өнерінің үздік үлгілері, тұрмыстық бұйымдар мен көне кітаптар сақталған.

Барлық сәулет нысандарын біріктіретін орталық ғимарат — Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістанның басты жәдігері саналады. Бұл бірегей ортағасырлық сәулет туындысы 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Кесене ұлттық пантеон ретінде де аса маңызды: оның айналасына Жолбарыс хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, Бөгенбай батыр және тағы басқа 300-ден аса тарихи тұлға жерленген. Қазіргі таңда мамандар жүргізген зерттеулер нәтижесінде олардың 231-інің есімі анықталған.

Түркістан қаласындағы шығыс моншасы XVI ғасырда қажылыққа келгендер үшін арнайы салынып, 1975 жылға дейін, яғни шамамен 500 жыл бойы жергілікті тұрғындарға қызмет көрсеткен. «Түркістан» моншасының басты ерекшелігі — жылу беретін құбырлардың жер астымен тартылуы. Бұл нысан салынған кезден бастап оның дұрыс қолданылуы туралы егжей-тегжейлі нұсқаулар да сақталған.

Мекенжайы:

Түркістан қаласы, Әмір Темір 53А.

Байланыс нөмірі:

8 (72533) 3-23-00

azret-sultan@mail.ru

https://azretsultan.kz/