Жидебай-Бөрілі: Ұлы Абай жолы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі — Қазақстандағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей әрі еліміздегі ең ірі музейлердің бірі.

Музей ұлы ақынның туғанына 95 жыл толу мерекесі қарсаңында, 1940 жылдың 1 сәуірінде құрылып, сол жылдың 16 қазанында ашылды. Оның құрамына: Бас музей кешені, Жидебайдағы Абайдың музей-үйі, Семейдегі Ахмет-Риза мешіт-медресесі, Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесене кешені, Абай ауданы Құндызды ауылындағы халық ақыны Шәкір Әбенұлының музейі және Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлының музейі, сондай-ақ 6400 гектар қорық аумағындағы өзге де тарихи нысандар кіреді.

Семей қаласындағы Бас музейде «Абай дәуірі», «Абайтану», «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай халық жүрегінде» атты бірнеше залда ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған.

Абайдың музей-үйі Абай облысы, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылынан 25 шақырым, ал Семей қаласынан 180 шақырым жердегі Жидебай елді мекенінде орналасқан. Ақын көзі тірісінде бұл жерді қыстау еткен. Музей-үйде ақынның өзіне тиесілі және сол дәуірдің болмысын сипаттайтын бірегей жәдігерлер — сырлы төсек, үш ішекті домбыра, жеңіл тарантас, бірнеше тілде жазылған кітаптар мен тұрмыстық бұйымдар сақталған.

Мекенжайы:

Абай облысы, Семей қаласы, Қайым Мұхамедханов көшесі, 29

abai-museum@mail.ru

Байланыс нөмірі:

8 (7222) 32-17-01 (қабылдау бөлімі)

8 (7222) 35-43-57, 8 (7222) 35-32-82