Тұсаукесер – қазақ халқының ежелден келе жатқан жоралғыларының бірі. Бұл – сәби алғаш қадам басқан сәтте жасалатын ерекше рәсім. Халық нанымында, тұсауы кесілген бала өмір жолында сүрінбей, сенімді, нық басып өседі. Бұл жоралғы арқылы ата-аналар баласының алдағы тағдырына ақ жол тілеп, оны жамандықтан, бәле-жаладан сақтаймыз деп сенген.
Егер тұсау кесу рәсімі жасалмаса, бала өмірде кедергілерге жиі ұшырайды, сүріне береді деген сенім бар. Алайда сенім-нанымнан тыс, бұл күн – отбасындағы ерекше қуанышқа, есте қаларлық үлкен мерекеге айналады.
Тұсаукесердің нақты күні белгіленбейді – сәби өздігінен жүре бастағанда жасалады. Көп жағдайда бұл сәт алғашқы туған күнмен қатар келеді. Егер бала ерте жүрсе – рәсім де ерте жасалады, кешірек бастаса – солай ыңғайластырылады.
Мерекені үйде, далада, не мейрамханада да ұйымдастыруға болады. Рәсімге қажетті негізгі дүниелердің бірі – ала жіп. Ол көбіне екі немесе үш түрлі түстен өріледі. Әр түс – өзінше мағынаға ие: мысалы, қызыл – өмір мен қуат, ақ – тазалық пен ақ ниет, қара – қорғаныш пен тұрақтылықтың белгісі. Тағы бір маңызды белгі – ақ жол, яғни ақ мата – баланың алдағы өмір жолының ашық, жарқын болуын тілейтін ишара.
Сәбиді ұлттық киіммен киіндіріп, ақ жолдың басына әкеледі. Аяқтарын ала жіппен сегіз көз етіп байлайды. Тұсауды кесетін адам – елге сыйлы, өмірден өз орнын тапқан, бақуатты, өнегелі адам болуы шарт. Ол жіпті кесіп тұрып, ақ тілегін айтып, сәбиді қолынан жетектеп, ақ жолмен жүргізеді.
Балаға арналған жолға тәттілер мен ұсақ тиындар шашылады – бұл тілек: өмірі тәтті болсын, дәулеті тасысын деген ниет. Жол соңында түрлі бұйымдар – кітап, ақша, зергерлік зат, еңбек құралдары қойылады. Сәби солардың бірін таңдайды – бұл оның болашақ қызығушылығы мен кәсібіне жорылады.
Салт аяқталған соң, ақ жол төсегішті – бала сүюді армандаған отбасыға беріледі. Бұл – жақсылықтың жұғысты болуын, сәби сүйер күннің алыс еместігін білдіретін ырым.
Мереке кең дастарханмен жалғасады. Қазір бұл дәстүрге фотозона, түрлі балалар ойыны, қонақтарға тарту сияқты заманауи элементтер қосылып жүр. Бірақ соның бәрі қазақы салттың табиғи жарасымын бұзбайды. Керісінше, көненің көзі – жаңа өмір салтымен үндесіп, ұрпақ жалғастығын сақтап келеді.