Сарайшық: Дала өркениетінің іздері

Сарайшық қаласы Алтын Орданың гүлденген дәуірінде, Жайық өзенінің аңғарында, Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғаған су және құрлық жолдарының тоғысында пайда болған. Шаһар Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағында орналасып, стратегиялық маңызы зор, көшпелі империяның ең ірі қалаларының біріне айналды.

1334 жылы атақты араб саяхатшысы Ибн Баттута Сарайшық туралы былай деп жазады:

«Сарайшық — Бағдадтан кейінгі ең үлкен қала. Қаланың орталығында хан сарайы, төрт мешіт және көптеген керуен-сарайлар бар. Айналасы 11 метрлік бекініс қабырғасымен қоршалған, қабырғаның қалыңдығы — 4 метр. Бірақ ең таңғаларлығы — әрбір үйде су бар».

Сарайшықтың тарихи маңызын арттыратын нысандардың бірі — Ұлы даланың жеті ханы жерленген Хан пантеоны. Биіктігі 17 метр болатын мемориалда хандардың есімдері мен билік еткен жылдары қара мәрмәр тастан ойып жазылған.

1999 жылғы 23 сәуірде құрылған «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Атырау қаласынан 50 шақырым жерде, Сарайшық ауылында орналасқан. Қорық құрамына «Сарайшық» визит-орталығы, этнографиялық музей, «Хандар пантеоны» мемориалдық кешені, сондай-ақ көне қала ғимараттары мен бекініс қабырғаларының қалдықтары кіреді. Музей қорында XIV ғасырдағы Сарайшықтың қалпына келтірілген макеті мен бірнеше ғасыр бұрынғы қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін археологиялық жәдігерлердің бай коллекциясы жинақталған.


Мекенжайы:

Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылы

Байланыс нөмірі: +7 (702) 059 78 58, +7 (712) 362 55 06

museumsaraishik@mail.ru

https://saraishyq.kz