
Бұрынғы заманда бір үлкен теңіздің жағасында кемпір мен шал өмір сүріпті. Бұлардың мал дегенде бір сауын ешкісі һәм бір балық ұстайтын ауы болыпты. Шалдың аты Шияз екен. Шал ауымен балық аулапты, ал кемпірі ешкіні бағыпты. Бұлардың бар көрегі ешкінің сүті мен балық болған екен.
Кемпір мен шал әр уақытта бір түлкіден қорлық көріп жүріпті. Шал Шияз теңізге ау салып балықты суырып алған мезетте судың жағасына түлкі келіп, мұның балығын тартып жеуші еді. Түлкі өзінен күштірек болған соң шал Шияз бұған ештеңе істей алмапты. Түлкіден өзге кемпір мен шалдың Ботакөз деген күшті, мінезі жаман бір алып дұшпаны болыпты. Алып Ботакөз шал Шияздың үйінің қасындағы бір үңгірде тұрып, адамның етін жеп күн көреді екен. Сақтап қойған еті таусылғанда Ботакөз алып қасындағы аймақтан балаларды һәм кемпір, шалдарды жиып әкететін көрінеді.
Бұл алыптан шал Шияз бір айламен құтылмақ болады. Сөйтіп өзінің әйеліне:
– Кемпірім, әрдайым осылай Ботакөзден қорқа береміз бе? Одан да мен бір жақсылап тұрып оның сазайын тартқызайын. Оны қонаққа шақырайық, ешкіні союға маған көмектес, – дейді.
Жалғыз ешкісін қимаса да, кемпір байғұс шалдың айтқанынан шықпапты.
Кемпір мен шал үш күнде ешкісін әрең дегенде жығып сойыпты. Шал ешкінің ішек-қарнын һәм миын саз балшыққа көміп, үстіне кебу топырақ жауып қойыпты. Мұнан соң шал Шияз Ботакөзді қонаққа шақырған екен. Үйіне келген жексұрын алыпты ешкінің етімен сыйлап болған соң шал Шияз:
– Кел, батырым, екеуіміз күш сынасайық. Әуелі жердің ішек-қарнын, одан соң миын шығарайық, – депті.
Ботакөз ашу шақырып, бар күшімен тепкенде аяғы тізесіне дейін жерге кіріп, ішек-қарнын шығара алмапты.
– Қанеки, енді мен қимылдап көрейін, – деп шал Шияз саз балшықтың үстінде тұрып жерді теуіп қалады. Аяғы балшыққа еніп, шал ешкінің ішек-қарнын суырып алады. Мұның күшіне алып аң-таң болады.
– Енді жердің миын шығарайық, – дейді Шияз. Ботакөз бұрынғысынан да жаман ашуланып, жерді одан да қатты тепкенде жерге белуарына еніпті.
Сөйтсе де жердің миын шығара алмапты. Сонда шал Шияз жерді теуіп, саз балшықтан ешкінің миын суырып алып:
– Мінеки, жердің миы. Ботакөз, менің күшіме разысың ба? – деп сұрапты.
– Рас, сен күшті екенсің. Кел, енді ағаш жұлысайық, – дейді алып.
– Жарайды, – деп шал Шияз келіседі. Ботакөз жүгіріп барып бір емен ағашты тамырымен қопарып, жеті таудан асырып лақтырып жібереді. Шал Шияз бір үлкен еменді құшақтап тұрып:
– Бүгін мен күшімді көрсетемін. Ал Ай, аузың бұзылмасын, Күн, көзің шықпасын, – депті.
Мұндай сөздерден қорқып кеткен Ботакөз жүгіріп келіп шалдың аяғына жығылып, жалынып-жалбарына бастайды:
– Еменді лақтыра көрме, Ай мен Күнді жаралайсың.
Сонда шал Шияз:
– Кел, екеуіміз өле-өлгенше дос болайық. Сен тағы да жақын арада маған қонаққа кел, – дейді.
Ботакөз үйіне кеткенде шал Шияз өзінің айласына қуанып әйеліне:
– Кемпірім, алыпты тағы да қонаққа шақырдым. Бұл жолы бұған мынандай қулық істеймін. Алып келе жатқанда мен өтірік ұйықтап жатайын, ол үйге енгенде мені оята баста, – дейді.
Біраз уақыт өткен соң Ботакөз тағы да қонаққа келеді. Кемпір мен шалдың үйіне әрең сыйып, басы шаңырақтан шығып отырады. Кемпір шалын оятып жатып:
– Шалым, саған досың қонаққа келді. Мұны немен сыйлаймыз? – дейді.
Шал:
– Басқы алыптан бас қалған, соңғы алыптан төс қалған. Соны жиып-теріп қазанға сал. Егер де бұл аз десең, осы отырған алыптың өзін ас, – деп айтады.
Мына сөзден жаны шыға қорыққан Ботакөз шал мен кемпірдің үйін көтере қашады.
Ботакөз алып басы ауған жаққа қашып бара жатқанда жолда оған түлкі кез келеді. Түлкі:
– Қайдан келесің, қай жаққа барасың, Ботакөз? Сен де біреуден қорқады екенсің-ау. Маған айтшы, басыңа не күн туды? Мен саған бір қызмет қылайын, – дейді.
– Ой, қарағым түлкі, менен де күшті адамдар бар екен. Айтшы, қарағым, шал Шияздан қалайша, қайда барып құтыламын? Мені ол өлтіреді, – дейді Ботакөз.
– Шал Шияздың күші жоқ, мен оның аулаған бар балығын тартып жеп тұрамын. Қорықпа, керек десең, оны жеңіп берейін, – дейді түлкі.
– Қой, түлкім, қой, сен онымен теңесе алмайсың, – дейді алып.
– Бекер айтып тұрған жоқпын, егер де маған нанбай тұрсаң, менің құйрығымнан мықтап ұста. Алдағандай болсам, маған не қылсаң да ықтияр сенікі, – деп түлкі қоймайды.
Ботакөз алып түлкімен бірге кемпір мен шалға қарай бет алады. Кемпір мен шал сынып қалған үйінің оны-мұнысын жиып жүр еді. Шал оларды көріп:
– Тәңір жарылқасын сені, түлкішегім, Ботакөзді алдап әкелдің бе? Ұста, мен оны отқа салайын, – дегенде алыптың зәре-құты қалмайды. «Түлкі мені шалдың қолына ұстап бергелі жүр ғой» деп, мұны құйрығынан алып жерге бір қойғанда, түлкі өліп кетеді. Сөйтіп, Ботакөз жеті жылда қос атпен бара алмайтын жерге қарасын батырады.
Осылайша, кемпір мен шал Ботакөз алыптан һәм түлкіден құтылыпты.