Ордабасы: Ұлт бірлігінің мекені

Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды» атауымен қалған 1723–1725 жылдардағы жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тағдыры таразыға түсті. Осындай сын сәтте елдің тұтқасын ұстар даналар бас қосып, маңызды кеңес өткізетін болды.

1726 жылы күзде Арыс пен Бадам өзендерінің тоғысындағы Ордабасы жерінде қазақтың әйгілі үш биі бастаған үш жүздің өкілдері ұлы құрылтай өткізді.

1993 жылғы 26 мамырда осы тарихи орында «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы құрылды. Қорық Ордабасы тарихи қорымының, сондай-ақ осы аймақтағы кешенді және жеке археологиялық, сәулеттік ескерткіштердің негізінде ұйымдастырылды.

Жалпы аумағы 1134 гектарды құрайтын қорықта тарихи-мәдени маңызы бар 10 ескерткіш орналасқан. Қорық-музейдің қорларында және экспозицияларында 1376 жәдігер сақтаулы. Сонымен қатар, қорық аумағында 300-ге жуық қорған мен жерлеу орындары бар. Зерттеушілердің пікірінше, ежелгі сақ көсемдері осы Ордабасы қорымына жерленген.

«Ордабасы» экспозициясының негізін қорық аумағынан табылған көне археологиялық жәдігерлер құрайды. Олардың қатарында сақ қылышы, несториандық крест бейнеленген кірпіш, сондай-ақ қазақ-жоңғар соғыстарының барысын сипаттайтын тарихи карталар бар.


Мекенжайы: 

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам ауылы, Жангелдин көшесі, 14/2

Байланыс нөмірі: +7 (72530) 4 62 30 

ordabasy-93@mail.ru 

nik-ordabasy.kz