Отырар: Ғасырлар тоғысында

Ортағасырлық Отырар — қала мәдениетінің таңғажайып дамуын көрсететін ерекше тарихи үлгі. Қалада қолөнер қарқынды дамып, сауда-саттық өркендеді, ерекше сәулеттік нысандар салынды. Мұнда бірегей монша кешені, бай кітапхана және көне кәріз жүйесі жұмыс істеген.

Отырар тарихта «Отырар өркениеті» деген атаумен қалды. Бұл — жай ғана көне қаланың жұрты емес, көшпенді және отырықшы мәдениеттердің өзара үйлесім тапқан орталығы.

Соңғы археологиялық зерттеулер Отырар қалашығы моңғол шапқыншылығынан кейін де қирамағанын, керісінше, XVII ғасырға дейін дамуын жалғастырғанын дәлелдеді.

«Мұсылмандық Ренессанс» дәуірінің жарқын тұлғаларының бірі, ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби осы өңірден шыққан. Оның есіміндегі «әл-Фараби» араб тілінен аударғанда «Фараб қаласынан» деген мағына береді. Арабтар Отырар аймағын Фараб деп атаған.

Бүгінде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы — еліміздегі ірі тарихи-мәдени орталықтардың бірі. Ол 1979 жылдың 11 мамырында құрылған. Қорық құрамында алты ғылыми-зерттеу бөлімі жұмыс істейді.

Онда 4 республикалық маңызы бар және 216 жергілікті маңызы бар археологиялық нысан бар.

Қорық құрамына Отырар алқабының көне қалалары — Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе және басқа да тарихи ескерткіштер кіреді.

Отырар қалашығы Шымкент қаласынан 155 шақырым, ал музей-қорықтың өзі Шәуілдір ауылында, елді мекеннен 20 шақырым жерде орналасқан.

 

Мекенжайы:

Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Жібек жолы даңғылы, 1.

Байланыс нөмірі: +7 (7254) 42 11 50, +7 (705) 704 72 72

оtrar_muzey@mail.ru

otrarmuseum.kz