
Баяғы өткен заманда бір соқыр күйші болыпты. Ол халық арасында қобыз тартып күнелтіпті. Бір күні ел көп жиналған жерде күй тартып отырады. Жиналған қауым тиын-тебенін беріп тараған кезде сәнді киім киген біреу келіп, шалдың қойнына қолын салады. Шал алдымен сасқалақтағанымен, артынан ұрының қолын ұстай алады да:
– Халқым-ау, тапа-тал түсте тонап жатыр! – деп айғай салады.
– Өзің шіреніп киініп алыпсың, сөйте тұра ғаріп кісіге қиянат жасайсың. Ұялмайсың ба? – деп жұрт шуласады.
– Мен шалдың қалтасына садақа салмақ болып едім, қолымды ұстай алды, – дейді ұры.
Халық шал мен ұрыны қазының алдына апарады. Екеуін тыңдап болып, ұрыға ашуланған қазы ақыра бастайды. Сол кезде ұры ұялмастан:
– Мырза! Менің әке-шешем бай. Қайдағы бір соқыр шалға қиянат жасап не қылайын. Садақа бермек болып едім, қолымды ұстай алды, – дейді.
– Сен сияқты сұмды тәрбиелеген қандай әке екен? – деп тепсінеді.
– Мырза, сіз білесіз, – дейді сонда ұры.
– Сенің әкеңді де дарға асқызамын! – деп ақырады қазы. Ұры қазыға көзін қысып қойып:
– Әкемнің беті бұдыр, арқасы күдір, есімі – «Отыз күміс», – дейді.
Қазы ойланып қалады. Біраздан соң ұры мен шалды қаматып тастайды. Қараңғы түскен соң қазы мен ұры кездеседі. Ұры қазыға 30 күміс теңге санап береді.
Ертеңіне соқыр шалға:
– Сен кәрі қақпас, адал адамға жала жауып жүрсің! – деп зіркілдейді.
Шал жауап қатпай, отырып қалып, жерді қазып, тың тыңдайды. Бұған қазы таңданып, шалдан оның мәнісін сұрайды. Шал басын көтеріп:
– Кеше осы жерде әділет төрелік айтып еді. Сол әділет отыз теңгенің салмағын көтере алмай жердің тесігіне түсіп кетіпті. Не сол әділетті алам, не отыз теңгені алам, – деп жауап береді.
Қазы өз қателігін мойындап, ұрыны жазалайды. Соқыр күйшіге үлкен сый жасап, ат мінгізіп, аттандырып салады.