Таңбалы: Киелі өнер галереясы

Табиғаттың тылсым күшіне сенген көшпенділер үшін тау әрқашан қасиетті болған. Сондықтан болар, күн күйдірген жартастарда ежелгі халықтың ойып салған қасиетті белгілері, тұрмыс-тарихы бейнеленген.

«Таңбалы» сөзі «тамғалармен көмкерілген» дегенді білдіреді. 1957 жылы ежелгі жұмбақ белгілермен көмкерілген шатқалдарды алғаш рет археолог Анна Максимова жетекшілік еткен экспедиция ашқан болатын. Қазыналы мекенге А. Медоев, А. Марьяшев, А. Рогожинский, А. Горячев сияқты бірқатар ғалымдар да бірнеше рет зерттеулер жүргізген.

Қазақстан аумағында сақталған петроглифтер тек тарихи бейнелер ғана емес, алғашқы жазу стилінің қалыптасуы, шежіре кітабы әрі өнер музейі.

«Таңбалы» аумағынан жеті топқа біріктірілген мыңдаған үңгір суреттері анықталды. Мұнда жүгіріп келе жатқан бұқаларды, арқарлар мен бұғыларды, қолында қаруы бар жауынгерлер мен аңшыларды, бақсыларды, рәсімдер мен құрбан шалған көріністерді тамашалауға болады.

Сонымен қатар, ең көп таралған петроглиф — «Күнбасты құдай» деп аталатын бейне. Сәулелері әр бағытқа қарай шашырайтын адам денесі мен үлкен басы бар тіршілік иесі қашалған бейне. Таңбалыда кескін өлшемдері мен қол қимылдарымен ерекшеленетін осындай бейненің бірнеше нұсқасы бар.

«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы Алматыдан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде, Аңырақай тауларында орналасқан. Музей-қорық аумағында жартастағы таңбалардан бөлек, хронологиялық ұзақтығы 3000-4000 жылмен өлшенетін қорымдар мен құрбандық шалынған орындар бар. Ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген.

Мекенжайы:

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылдық округі, Қарабастау ауылы

Байланыс нөмірі: +7 (72770) 2 78 65

tamgaly@mail.ru

Сайт: https://tanbaly.kz/