
Бұрынғы өткен заманда халқының жағдайын ойлаған бір әділ патша болыпты. Халқына арнап шығарған әрбір жарлығы еш тоқтаусыз орындалып тұрады екен. Бір күні патша: «Менің халық пайдасын ойлап өткен әрбір әмірім бұлжымай орындалып тұрады. Енді мен бұқара халқыма зиянды бір әмір таратайын, халқым тыңдап, орындап ма екен, не істер екен?» деп ойлаған ол уәзірлеріне:
– Ешкім басына пайда қылмасын және кеш түсісімен шам жақпасын! – деп әмір қылады.
Халыққа жарлықты жеткізген уәзірлер:
– Халқыңыз әміріңізді айтқаныңыздай бұлжытпай орындайтын болды, – дейді патшаға келіп.
Патша уәзіріне еш жауап айтпай, түн болған уақытта үстіне ескі-құсқы киім киіп, «Халқым залал әмірімді тұтқаны рас па екен?» деп аралап жүрсе, шеттегі бір үйде шам жанып тұр екен. Патша қайыр сұраған кісі болып, сол үйге кіреді. Үйдің ішінде етік тігіп бір етікші отыр екен. Етікші патшаға бір үзім нан береді. Сонда қайыршы-патша:
– Ешкім басына пайда қылмасын және шам жақпасын деген патшаның бұйрығы бар емес пе еді? Оның әмірін орындамайтын не қылған адамсың? – деп сұрайды.
– Сенің онда не жұмысың бар? Бұл әмірді беріп отырған патша да ақымақ. Себебі мен жарлымын және күнінде төрт ділдә пайда көремін, төрт ділдә зиян шегемін. Міне, мен сонымен күн көріп отырмын, – дейді етікші.
Патша бұған жауап қайырмай, түп-тұра үйіне келіп өзінің төрт уәзірін шақырып:
– Сендердің ақылдарың көп деп, басқалардан артық көріп, көптен өзіме уәзір қылып едім. Енді менің сендерден сұрайтын сауалым бар: күніне төрт ділдә зиян және төрт ділдә пайда қыламын. Сондағы пайдам мен зияным не? Соны табыңдар, таба алмасаңдар, өлтіремін. Жауабын үш күн өткен соң, төртінші күні сұраймын. Болмаса, алдыма жауабын табатын кісіні әкеліңдер, сонда ғана жазадан құтыласыңдар, – депті.
Уәзірлер үш күн бойы ойланып, шешімін таппайды. Тіпті патша сауалының жауабын білетін кісіні де кездестірмейді. Енді олар патшаға көрінбей қашпақшы болады. Осы кезде уәзірлерге баяғы етікші келіп жолығады. Ол:
– Мен патшаның сұраған сауалын тапсам, сіздер не берер едіңіздер? – дейді.
Қуанып кеткен уәзірлер:
– Әрқайсымыздың құнымыз бір мың ділдә. Төртеуімізден төрт мың ділдә алыңыз да айтыңыз, – деп жалынады.
Етікші уәзірлерден төрт мың ділдәні санап алып, олармен бірге патшаға барады. Патшаға келіп:
– Тақсыр, мен етік тігіп, әр күні төрт ділдә пайда қылам, төрт ділдә зиян шегемін. Ол былай: бір ділдәні қарызға, тағы бір ділдәні ескі қарызыма беремін. Одан кейінгі бір ділдәні құдыққа тастаймын, соңғы бір ділдәмді әйелім мен екеуіміздің қаражатымызға жұмсаймыз, – депті.
Сонда патша:
– Әйелің екеуің жұмсаған бір ділдә түсінікті, қалған үш ділдәнің жұмсалған орнын анықтап түсіндір! – дейді.
Бұл сөзге етікші былай деп жауап қайтарыпты:
– Бір ділдәмді қарызға беремін дегенім – балама беремін, қартайғанда өзімді асырар деп, бір ділдәні ескі қарызыма беремін дегенім – өзімді жасымда асыраған кәрі әкем мен шешеме көмектескенім, енді бір ділдәні құдыққа тастаймын дегенім – күйеуі өліп, қайтып келіп отырған қызым бар, соған беремін.
Сонда патша етікшінің орынды жауабына және ақылына риза болып, өзіне уәзір қылған екен. Уақыт өте келе етікші байып, барша мұратына жетіпті.