Досжан Табылды – қазақстандық балет өнерінің жарқын жұлдызы, дарынды балет әртісі және балетмейстер. Ол өзінің кәсіби шеберлігімен, сахнадағы қайталанбас пластикасымен және өнерге деген ерекше ықыласымен танымал. «Программа» сыйлығының лауреаты атанып, көптеген халықаралық балет байқауларында жеңіске жеткен.
1985 жылы Алматыда зиялы отбасында дүниеге келген. Атасы – профессор, жазушы және музыкант, ал ата-анасы – инженерлер. Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен байқалып, ол Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін үздік тәмамдады.
Өз кәсіби жолын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында бастап, кейін Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония, Еуропа және Ресейдің әйгілі сахналарында өнер көрсетті. Ол «Аққу көлі», «Спартак», «Жизель», «Корсар», «Ла Сильфида» сынды классикалық балет қойылымдарындағы басты рөлдерді шебер орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.
Қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының марапаттарымен және басқа да ұлттық, халықаралық наградалармен марапатталған.
2023 жылы ұзақ жылдарға созылған кәсіби өнер жолынан кейін Досжан Табылды жаңа рухани ізденіске бет бұрып, емшілік пен ішкі үйлесімділікке негізделген жаңа бағытты таңдады. Оның шығармашылық мұрасы мен еңбегі – қазақ балетінің әлемдік деңгейдегі жетістіктерінің жарқын көрінісі.