Ас беру дәстүрі

Ас беру – дүниеден өткен адамды еске алып, оның рухына құрмет көрсету, туған-туыстар мен ел-жұрттың басын қосу мақсатында өткізілген. Дәстүр бойынша, елге белгілі, беделді адамның қайтыс болғанына бір жыл толғанда үлкен ас беріліп, марқұмның жылдық асы жасалған.

Қазақ қоғамында ас беру бірнеше күнге созылып, оған алыс-жақыннан көптеген қонақ шақырылған. Ас кезінде Құран оқылып, бата беріліп, елдің игі жақсылары бас қосқан. Сонымен қатар ат бәйгесі, балуан күрес, айтыс, жамбы ату секілді ұлттық ойындар мен өнер сайыстары ұйымдастырылған. Сондықтан ас елдің бірлігін көрсететін, әлеуметтік байланыстарды нығайтатын үлкен жиын болған.

Ас беру дәстүрінің кең көлемде қалай өткізілгенін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан да көруге болады. Шығармада Абайдың Бөжейге ас беруі суреттеледі. Асты ұйымдастыруға Абай араласып, елдің әр түкпірінен қонақтар шақырады. Ас барысында бәйге, күрес секілді дәстүрлі жарыстар өткізіліп, үлкен жиын өтеді. Бұл эпизод ас берудің тек марқұмды еске алу рәсімі емес, елдің басын қосатын маңызды қоғамдық шара болғанын көрсетеді. Мұхтар Әуезов оны былай суреттейді: «Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғыта жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен ақ боз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолына үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін деген  белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ».

Қазір ас беру дәстүрі сақталғанымен, оның өткізілу формасы өзгерген. Бүгін көп жағдайда марқұмның жылдығына орай мешітте немесе арнайы асханада Құран оқылып, дұға бағышталып, дастарқан жайылады. Бұрынғыдай бірнеше күнге созылып, үлкен жарыстар өткізу сирек кездеседі.

Сонымен бірге қазіргі қоғамда «ас беру» ұғымы тек қайтыс болған адамды еске алумен шектелмейді. Тарихи тұлғаларды ұлықтау, олардың еңбегін насихаттау мақсатында да ас ұйымдастырылып жатады. Осылайша ас беру дәстүрі өзінің негізгі мәнін сақтай отырып, заман талабына сай жаңаша сипат алып келеді.