«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени және музей-қорығы Жамбыл облысы, Тараз қаласының аумағында орналасқан. Музей қорында түрлі дәуірлер мен халықтар мәдениетіне жататын тиындар топтамасы, білезіктер, сырғалар, жапсырмалар және Қарахан кезеңіндегі металл құймалары (XI-XII ғғ.) бар. Қорық құрамына Тараз, Мерке, Түймекент сияқты ауқымды археологиялық ескерткіштер, тұрақтар, елді мекендер мен қалашықтар кіреді.
Ортағасырлық Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас қалалары Ұлы Жібек жолы ескерткіштері ретінде 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандары тізіміне енді. Сонымен қатар, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа-Хатун, Даудбек және басқа да тарихи тұлғалардың кесенелері де көпшілікке танымал.
Тараздың тарихи маңызын айғақтайтын жәдігерлер біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырлардағы көшпенділердің, яғни шамамен 2,5 мың жыл бұрын кең даланы алғаш қоныстанған сақтар мен үйсіндердің заманына жатады. Араға бірнеше ғасыр салып, Чжичжидің ордасы осы жерге орналасып, шаһарға астана мәртебесі берілді. Жарты ғасырдан кейін грек дереккөздерінде қала алғаш рет Толос деп аталды. Сол кездің өзінде ол Ұлы Жібек жолының керуен соқпақтарындағы маңызды нысан болды.
Бұл жерлерде тас дәуірінің өзінде адамдардың өмір сүргенін неолит дәуіріне тиесілі Тәңірқазған тұрағы дәлелдейді. Мұнда археологтар шамамен бір шаршы шақырым аумақтан қара және қою сұр кремнийден жасалған әртүрлі құралдардың жинағын тапты. Типологиялық тұрғыдан бұл өнімдер Еуразия мен Африканың ежелгі ескерткіштеріне, сондай-ақ Олдувай мәдениетінің құралдарына ұқсас.
Қарахан дәуірінде Тараз бас қала атанды. Шаһарда қаланың ең көрнекті ескерткіштерінің бірі, Хан кесенесі орналасқан. Айта кету керек, Қарахан кезеңі Тараздың гүлденген дәуіріне айналады. Орта ғасырда қала инфрақұрылымы қарқынды дамыды: сарай салынды, тас жолдар төселді, қоғамдық моншалар ашылды, қыш құбырлардан су тартылды. Қазба жұмыстары кезінде керуендерге арналған тас көпірдің қалдықтары табылды.
Көпшілікке танымал ескерткіштердің бірі – Айша бибі кесенесі. Сырт көзге шағын ғана көрінетін кесене асқан ықтиярлықпен жасалған ою-өрнегімен қызықтырады. Бұл келушілерге мәңгілік махаббат ескерткіші ретінде таныс. Бұған қатысты аңыз да бар. Ол Айша есімді қыз бен қуатты әмірші Қараханның махаббатын жырлайды. Қарахан сұлу қызға құда түсіп, ел тойға дайындала бастайды. Бірақ, сән-салтанатымен тойға бара жатқан Айшаны жылан шағып алады. Осылайша, қалыңдық көйлегін киіп үлгермеген бойжеткен дүние салады. Сүйіктісінің құрметіне арнап, Қарахан мөлдір махаббат пен бейкүнәліктің символы ретінде кесене тұрғызуды бұйырады.
Мекенжайы:
Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Х. Бектұрғанов көшесі, №3
Байланыс нөмірі: 8 (7262) 43-08-26