Берел: сақтар қазынасы

Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Берел ауылы маңында орналасқан «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2008 жылғы 4 шілдеде ашылды. Сақ дәуірінен жеткен тарихи-археологиялық ескерткіш Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енгізілген.

Ескерткіш аумағы 4000×1000 метрді құрайды. Құрамында жүзден астам қорған мен ерте түркі дәуіріндегі көшпенділердің қоршаулары бар. Берел қорымы оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай тізбектеле созылып, бірнеше жеке жерлеу құрылыстарынан тұратын топтарға біріктірілген.

Қорғандардың ең көнесі б.з.б. IV-III ғасырларға жатады (шамамен 2400-2300 жыл бұрын), ал ең жаңалары ежелгі түркі дәуіріне – б.з. VII-VIII ғасырларына сәйкес келеді (шамамен 1200-1300 жыл бұрын).

Қазба жұмыстары барысында «скиф-сібір аң стиліне» жататын алтын бұйымдар табылған. Сонымен қатар жылқы мумиялары да анықталған. Дала мәдениетінде жылқыны жерлеу жиі кездесетін құбылыс болғанымен, Берел қорымынан табылған жылқылардың өзіндік ерекшеліктері бар: олар адамдармен бірге жерленген және әдеттегі ат әбзелдерінен бөлек, ерекше зергерлік бұйымдармен безендірілген – жылқылардың бастарында арқар мүйізі бейнеленген бетперделер болған.

Мекенжайы: Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Жамбыл ауылы

Байланыс нөмірі: +7-723-422-92-55

muz_berel@mail.ru