«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. 1990 жылы 29 қарашада құрылған қорық аумағында Алаша хан мен Жошы хан кесенелері, Едіге мен Тоқтамыс қабірлері, Домбауылдың жұмбақ киелі орны, Теректі әулиенің ғибадатханасы, үңгір суреттерінің көптеген кешендері мен тарихи дәуірлердің басқа да ескерткіштері бар.
Ғалымдар Жезқазған жеріндегі ежелгі шахталарды тауып, зерттеу барысында мұнда ең көне кенді балқыту пештері болғанын анықтаған. Шахталарда көшпелі шаруашылық және әскери жорық үшін қажетті заттар өндірілген. Мұны растайтын жәдігерлер «Ұлытау» музейінде сақталған.
Ел аузында тараған аңызға сәйкес, дәл осы өңірде Жошы хан аң аулап жүріп, аттан құлап, қайтыс болады. Ол қазіргі Жезқазған қаласының маңында жерленген. Кейінірек хан қабірінің үстіне кесене тұрғызылады. Ал Ұлыстың билігі Еділ, Кавказ, Ресей және Шығыс Еуропаны жаулап алған ұлы Батуға қалды. Осы жерден әлемге әйгілі Алтын Орданың тарихы басталады.
Жошы хан кесенесі Қаракеңгір өзенінің сол жағалауында, Жезқазғаннан солтүстік-батысқа қарай 50 шақырым жерде, Қарағанды облысының аумағында орналасқан.
Ұлытау аумағында аңыз-сырға толы жәдігерлер жиі кездеседі. Домбауыл ескерткішінің де өзіндік сыры бар. Ол кесене болып саналғанымен, оған ешкім жерленбеген. Ал Теректі Әулие ғибадатханасы ел арасында адамның жаны мен тәнін емдеп, тазартатын орын.
Мекенжайы:
Ұлытау облысы, Ұлытау ауылы, Бұлқышев көшесі, 14.
(Визит-орталық: Ұлытау облысы, Ұлытау ауылы, Иманжан көшесі, 1В)
Байланыс нөмірі: +7 (710) 352 13 42
ulytaureserve.kz