
Бұрынғы заманда Есіркеген деген қайырымды бала болыпты. Біреудің басына қиындық түссе, қайғы-мұңын бөлісуге әзір тұрады екен.
Есіркегеннің көршісі Хасен ақсақал бір күні қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Бірте-бірте тамағынан ас-су өтпеуге айналады. Қарттың сырқаты бүкіл ауылды күйзелтеді.
Бұл жағдай Есіркегеннің де қабырғасын қайыстырады. «Шіркін, шипасы тиетін бір ғажайып шөп табылар ма еді» деп армандайды ол. Есіркеген бұл ойын үйдің көлеңкесінде оңаша отырып, күбірлеп айтқан екен.
– Бос армандағанша, тауға шығып іздемейсің бе? – депті бір дауыс.
Есіркеген дауыстың иесін іздеп, әрі-бері қарайды. Аяғының астында жатқан Хасен ақсақалдың көк төбетінен басқа ештеңе көзіне түспейді.
– Іздемей-ақ қой. Айтып жатқан мен, Көкжалмын ғой, – депті әлгі ит. – Егер шипалы шөп іздеп шыға қалсаң, серігің болайын.
Ертесіне бала мен Көкжал ойнаған болып, ауылдан ұзап шығып кетеді.
Екеуі жүре-жүре, сарқырап таудан құлай ағып жатқан асау өзеннің жанына аялдапты. Дорбадан кепкен нан мен малта шығарып, әбден күш жинапты.
– Ал енді қармақты суға сал, бұл өзенде ханбалық деген ғажайып балық бар, – дейді Көкжал.
Есіркеген қармағын суға лақтырады. Қалтқыны бағып отырып, ағын екпінімен ағып келе жатқан бір мақұлыққа көзі түседі.
– Көкжал, Көкжал, – дейді жағалауды тұмсығымен сүзгілеп жүрген серігін шақырып.
Көкжал суды шалпылдатып жетіп келеді де, тіке мақұлыққа ұмтылады.
Асау ағынмен арпалысып жеткен бетте мақұлықты құлағынан тістеп, сыртқа алып шығарады.
– Мынау аюдың баласы ғой, – деп Есіркеген мақұлықты әрі-бері қарап таңданады. Қолтығына қолын сұқса, жып-жылы. Жүрегі де соғатын секілді. Суды көп жұтып, тұншығып қалса керек.
– Қой, бұған мен көмектесейін, – деп Есіркеген оған малта, кепкен нан жегізеді. Есін жиған қонжық анасы шомылдырып жатқанда, өзінің жазатайым суға кеткенін айтады.
Осы кезде тағы бір қонжығын соңынан ертіп, долы аю да келіп жетеді.
– Ей, малғұндар, қонжығымды бөліп жеп, бір тойынып деп отырсыңдар ма? – деп гүрсілдейді де, келген бетте Есіркеген мен Көкжалға ұмтылады.
– Жо-жоқ, апатай, тие көрмеңіз бұларға. Бұлар – менің құтқарушыларым, – деп қонжық ара түседі. Сөйтіп, мән-жайды бастан-аяқ анасына баяндап береді. Есіркегеннің бұйымтайын да жеткізеді.
– Ей, айналайын-ай, қолымнан келсе, аямас едім. Ондай шипалы шөп туралы естіген емеспін. Өзім күзде мына бір шөпті жеп алып, содан көктемде бір-ақ оянамын. Осы шөпті жеп ұйқыға кеткен жанның жүрегі өте баяу соғады дейді. Сырқат адам ішіп ұйықтаса, ауруы тез меңдеп кете қоймайды, өмірі ұзарады деп естігенім де бар. Бір әжеттеріңе жарар. Осыны алыңдар, – депті аю.
Есіркеген аюға рахметін айтып, шөпті мұқият орап, дорбасына салады да, қоштасып, ары қарай жүріп кетеді.
Небір тастардан өтіп, биік шыңды қиялай өскен қалың қарағайға жеткенде, Көкжал құлағын тігіп, қараңғы түкпірге қарай бастай жөнеледі. Жолындағы бұталарды қолымен ығыстырып Есіркеген де ұмтылады. Неғұрлым ағаш қалыңдаған сайын, пысылдап тыныс алған дауыс екеуіне де анық естіледі. Жақындап келсе, мүйіздері айқасып, үйелеп жатқан екі бұғы көрінеді.
– Ей, адамзат. Біз ашумен сүзісеміз деп жүріп, мүйіздеріміз айқасып қалды. Екеуден-екеу айқасқан бетімізбен аштан өлеміз бе деп едік, сендер келіп қалдыңдар үстімізге. Әбден титықтап біттік. Құр жанымыз ғана қалды. Ойлап, амалдап ажыратып жібер бізді, – дейді бұғылардың бірі күңіреніп.
Есіркеген қарағайдың бір бұтағын кесіп алып, тазартты, таяқты екі мүйіздің ортасына салып, сонымен ырғаған кезде мүйіздер оңай-ақ ажырап кетіпті.
– Рахмет саған, адамзат. Жақсылығыңды немен өтесек екен? Біздің мүйізіміз біраз күннен кейін түсіп қалады. Ал адамзат баласы оған әуес келуші еді. Сондықтан таяқпен ұр да, қағып ала ғой, – депті Кербұғы.
– Мүйіздеріңнің керегі жоқ. Көрші атайым тамағынан ас-су жүрмей ауырып жатыр. Егер маған жақсылық істегілерің келсе, соған шипа болатын шөпті көрсетіңдер, – деп Есіркеген азарда-безер болыпты.
– Біз білетін «алтын тамыр» деген шөп бар. Ол кісіге қуат береді, жасартады.
Екі бұғы осыны айтып таудың баурайын шарлап жүріп, үш түп «алтын тамыр» тауып береді.
Былай шыққан соң Көкжал ілгері озып, бір тастың үстінде тұрып иесін шақырады. Есіркеген жақындап келіп қараса, тас дегені шалқасынан түсіп аударылып қалған тасбақа екен.
Есіркеген оны аударып, дұрыстап қояды.
– Рахмет, қарағым. Қиямен келе жатып, байқамай домалап кеттім. Сендер болмағанда, жарық дүниемен қоштасуға тура келер еді. Бұл жақсылықтарыңды немен өтесем екен? – депті тасбақа.
– Біз үшін қам жеме, тасбақа. Бізге атайдың науқасына шипа болатын шөпті көрсетсең болғаны, – дейді Есіркеген.
– Айналайындар-ай, ә? Міне, жүз елу жыл жасадым. Бірақ сендер іздеп жүрген шөпті кездестірмедім. Менде бір шөп бар, соны берейін. Бұл шөптің қасиеті сол, жан-жануардың адамға мейірін түсіреді. Ана мен құстардың бірі болмаса бірінің көңілі түсіп, іздеп жүрген шөптеріңнің қайда екенін айтып берер, – деп тасбақа Есіркегенге сап-сары ұсақ гүлі бар кішкене ғана шөпті ұсынады.
Есіркеген мен Көкжал екеуі қия жартастармен өрмелеп келе жатса:
– Ей, адамзат, қолыңда қаруың жоқ. Қалай аң аулап жүрсің? – деген жаңғырық естіледі. Жоғары қараса, бір үйдей сандық тастың үстінде ірі мүйізін шайқап арқар тұр екен.
– Біз аң аулап жүрген жоқпыз. Көрші атайдың сырқатына дәрілік шөп іздеп жүрміз, – деп жауап береді Есіркеген.
– Е... е... жақсылап тыңдап ал ендеше. Анау басында қар жатқан ең биік құзар шыңды көрдің бе?
– Көріп тұрмын.
– Сонда бір ала қанат торғай мекендейді. Ол ұясын тірі пенде бара алмайтын қия жартасқа салады. Әлгі науқасқа бірден-бір ем – соның жұмыртқасы. Бірақ жұмыртқаны өзінің мейірі түсіп бергені жөн. Сонда ғана ол ауруға шипа болады.
Есіркеген рахметін айтып, құзды шыңды бетке алып жүріп кетіпті.
Көкжал екеуі қарлы шыңның бел ортасына шаршап-шалдығып әзер көтеріліп, тыныс алып отырса, ала қанат торғайдың өзі ұшып келеді. Тасбақа берген шөптің әсері ме:
– Иә, адамзат. Ізгілік үшін ем іздеп жүргенсіңдер. Мен көктем кезінде бар болғаны екі-ақ жұмыртқа басып шығарамын. Қазір, міне, күз. Жақын күнде балапандарымды ұшырамын. Сендерге айтарым, ерте көктемде келіңдер. Мейірімді адам үшін бір жұмыртқаны артық табармын, – депті.
Есіркеген ерте көктемде келетін болып келісіп, ауылына қайтыпты.
Бұдан соң Хасен қартқа арналып жасалған сорпаға да, қайнатылған шайға да бір тал «алтын тамырдан» аздап қосып жүріп, беріп тауысады.
Хасен қарт сырқатынан сауығып кете қоймағанымен, аздап әл-қуат жинайды.
Бір күні Есіркеген қайнап жатқан шәйнекке аю берген шөпті тастап жібереді. Содан Хасен қарт шәйнектегі шайды тауысқанша ішіп, ұзақ ұйқыға кетеді.
Ал Есіркеген ерте көктемде Көкжалды ертіп тағы да жолға шығады. Тау бөктерімен келе жатып, өзен жағасында өсіп тұрған жалғыз қарағайдың жанып жатқанын көреді. Ағаштың маңайында ерсілі-қарсылы аралар ұшып жүр. Есіркеген жүгіріп барып отты сөндіреді. Ағаш қуысында аралардың ұясы орналасыпты. Онда өткен жылдан қалған балауызы* бар екен.
Сол кезде аралар бірінен соң бірі құжынап келіп:
– Бізді өрттен құтқарғаның үшін рахмет. Мынау – біздің сыйымыз. Мұны бір заттың сыртына жақсаң, зат мәңгі-бақи бұзылмайды, – деп балауызды жапыраққа орап береді.
Есіркеген жүре-жүре баяғы құзар шыңға жетсе, өздеріне таныс ала қанат торғай алдарынан шығып қарсы алады.
– Міне, жұмыртқа, – дейді аузындағы жұмыртқасын қардың үстіне қойып. – Бірақ ол сәл жылы жерге барса, қасиетін жоғалтады, тез бұзылады. Енді қалай алып кетесіңдер?
– Оны мына балауызбен ораймыз. Сонда мәңгі-бақи бұзылмайды, – деп жауап қайтарады Есіркеген.
Ауылға келген бетте Хасен қарттың үйіне кіреді. Ол жаңа ғана оянып, шамалы жөтелгені болмаса, төсек үстінде отыр екен. Тіпті оянғанын үй-іші де білмепті.
– Қарағым, Есіркеген, қаным кеуіп барады. Бір кесе су құйып бере қойшы, – дейді қарт.
Есіркеген самаурыннан бір кесе су құйып алып, теріс қарап тұрған күйі ішіне жұмыртқаны араластырып, Хасен қартқа ұсынады.
Сол күннен бастап ауру меңдеген қарттың беті бері қарап, біраз күннен кейін тіпті құлан-таза айығып кетіпті. Қуаныштан ел-жұрт жиып ұлан-ғайыр той жасапты. Жиналған көптің алдында ол Есіркегеннің қайырымдылығын аңыз етіп әңгімелеп берген екен.
Балауыз – араның балауыз безінен бөлінетін қатты зат.