
Ертеде Тарбағатай тауларының бірінде алып денелі кейуана өмір сүріпті. Оның жайылып жүрген қалың қойы болыпты. Кейуана күн сайын қойын кең жазыққа шығарып, өзі тау басында отырып ұршық иіретін көрінеді.
Бірде ыңылдап ән айтып, ойға шомып отырған сәтінде жайылып жүрген қойларының арасы дүрлігіп кетеді. Қараса, тау шатқалынан шыққан аш бөрілер отарды айналшықтап жүр екен.
Алғашында кейуана қойларын қайырып, қасқырларды үркітіп көреді. Бірақ бөрілер қайта-қайта келіп, малға тыныштық бермейді. Ақыры олардың бұл әрекетіне ашуланған алып кейуана қолындағы ұршығын қатты сермеп, қасқырларға қарай лақтырып жібереді.
Аңыз бойынша, ұршықтың тостағандай үлкен тасы ұшып барып, дәл қазіргі тұрған орнына құлаған екен. Ал қасқырлар жан-жаққа бытырай қашыпты. Содан бері бұл жартас халық арасында «Бөрітостаған» аталып кеткен.