Қыз баланың құлағын тесу

Қазақ халқы қыз баланың құлағын тесуді ерекше мәні бар ғұрыптардың бірі санаған. Бұл қыздың бойжетіп келе жатқанын аңғартатын дәстүр. Бұл рәсім көбіне қыз баланың кішкентай кезінде орындалған. Оған үй іші арнайы дайындалған. Қыз балаға көйлек пен үкілі тақия кигізген.

Құлақ тесу рәсімін әулеттің қолы жеңіл, ісіне ұқыпты әйелдер атқарған. Оның кең тараған екі тәсілі болған. Біріншісінде, күміс ине қолданылған. Құлақ тесер алдында оның сырғалығын жақсылап уқалап, жұмсартып алады. Содан кейін күміс инемен абайлап тесіп, жіңішке жіп не күміс сым өткізіп қояды. Тескен жердің орны жазылған соң жеңіл сырға тағады.

Қазақы ортада күміске тазалық, қасиет мәні берілген. Сондықтан алғашқы сырғаның күмістен болуы да кездейсоқ емес. Қыз баланың құлағына сырға тағу – оның әсемдігін арттырумен қатар, ата-ананың перзентіне деген қуанышын, ақ тілегін білдіретін ырымдардың бірі.

Екінші тәсіл – тарымен тесу. Бұл әдісте тары құлақтың екі жағына тұспа-тұс қойылып, құлақ сырғалығы саусақпен ұзақ әрі мұқият уқаланады. Тарының дәні құлақтың екі жағынан қысым түсіріп, лезде тесіп жіберген. Бұл жағдайда құлақтан қан шықпайды. Тарымен тесу ұзақ уақыт алса да, балалар оны қызық көріп, өздері тесіп тастайды.

Қазір құлақ тесудің тәсілі заманға сай өзгеріп, арнайы медициналық құралдар қолданылады. Алайда дәстүрдің негізгі мағынасы, яғни тәрбиелік және символдық мәні жоғалған жоқ. Қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағу – ата-ана үшін перзентінің өміріндегі ерекше қуанышты сәттердің бірі.

Ал қыз бойжетіп, тұрмысқа шығатын кезде оған арнайы сырға салған. Әулеттің үлкен жеңгелері «өзімізге жақын болсын» деген ниетпен оң қолымен сырға тағады. Бұл рәсім «сырға салу» деп аталады.

Сырға салу екі жақтың құдалығы басталып, қыздың болашақ жары бар екенін білдірген. Ата-ана үшін бұл әрі қуаныш, әрі қызының жаңа өмірге қадам басқалы тұрғанын білдіретін маңызды кезең болған.