Бата беру

Қазақ дәстүрінде бата, әдетте, дастарқан басында ас соңына қарай беріледі. Қонақтар тамақтанып болғаннан кейін үй иесі немесе жастардың бірі «Бата беріңіз» деп, жасы үлкен, жолы үлкен адамға қолқа салады. Бұл – үлкенге көрсетілген құрмет әрі оның ақ тілегін сұрау. Сонда төрде отырған ақсақал ең әуелі қолын жаяды. Отырған жұртқа қарап, ізгі тілегін айтады. Қалғандары үнсіз тыңдап, қолдарын жайып отырады. Әдетте үйге құт, дастарқанға береке, отырғандарға амандық, балаларға ұзақ ғұмыр тілейді. Бата аяқталған соң бәрі бірге «Әумин» деп, алақанымен беттерін сипайды. Осылайша үлкеннің тілегіне жұрт болып қосылады. Егер бата үлкен той-жиындарда берілсе, бата берген адамға шапан кигізеді.

Ер адамдар отырған жерде әйел адам бата бермеген. Бұл әйел адамға бата беруге болмайды деген сөз емес, әйелдер арасында да үлкен әжелер мен аналардың ақ тілек айтып, бата беруі кездескен.

Бата тек тамақтан кейін ғана айтылмайды. Жас жігіт жолға шығарда, жас жұбайлар шаңырақ көтергенде, бала дүниеге келгенде немесе үлкен бір іске кіріскенде көпті көрген кісіден арнайы бата сұрауы мүмкін. Мұндайда бата беруші адам жастардың алдына қарап, қолын жайып, олардың жолының ашық, өмірінің берекелі болуын тілейді. Сапарға аттанғалы тұрған адамға да «жолың ашық болсын!» деген ниетпен бата берген. Әдетте, бата беру қадірлі қариялардың, ақын-жазушылардың, ақсақалдардың, құдайы қонақтың үлесіне тиген.

Қазіргі кезде де бата беру дәстүрі өз маңызын жоғалтқан жоқ. Той-томалақта, отбасылық жиындарда, ұлттық мерекелерде және күнделікті дастарқанда үлкендердің бата беруі жиі кездеседі. Қазақ отбасында бата беру – күнделікті өмірмен біте қайнасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр.