Нұрқанат Жақыпбай - режиссер, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері.
1947 жылы 24 маусымда Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан. 1970 жылы Қазақ ұлттық консерваториясын, 1983 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссура мамандығын бітірген.
1969 жылдан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып қызмет атқарды. Кейін осы театрдың бас режиссері болды. 1984 жылдан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет атқара бастады.
2007 жылдан бастап Астана қаласында Жастар театрын ұйымдастырып, оның көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері қызметін атқарып келеді. Театрдың актерлік құрамының басым бөлігі - оның шәкірттері.
Нұрқанат Жақыпбай актер ретінде театр сахнасында және кино саласында көптеген рөлдерді сомдады. Сонымен қатар театр сахнасында «Жау тылындағы бала», «Махаббат аралы», «Қыз жиырмаға толғанда», «Кер құла атты Кендебай», «Миғұла терісі үстіндегі сот», «Желсіз түнде жарық ай», «Жан азабы» сияқты бірқатар спектакльдерді сахналаған.