
Ерте заманда Жүзбай деген байдың алты жасар Алпамыс атты батыр ұлы болыпты. Бір күні жылқысына жау тиіп, алты жасар бала өзінің Байшұбар атын мініп, ешкіммен сөйлеспей жау соңынан жөнеледі. Мұны түсінде көрген қалмақтың ханы қорыққанынан: «Жүзбайдың баласы алты жасар Алпамыс келіп, осы жұртты алар», – деп халқына жар салады. Сонда бір кемпір қырық қызбен келіп, Алпамысты алдап түсіріп, мас қылып зынданға салады да, атын патшаға апарып береді.
Зынданда жатқан Алпамыс бір күні ұшып бара жатқан қаздарды шақырып, қанатының астына хат жазып жібереді. Қаз ұшып жүріп Қоғалы көлге барады. Алпамыстың қарындасы Қарлығаш әлгі қазды ұстап алып, қанатындағы хатты оқып жылайды. Содан кейін Қарабай деген досына келіп хабарлайды. Қарабай дереу он түйеге азық, қырық құлаш жібек арқан алып, зындан басына келеді. Ол зынданға түсіріп жатқанда Алпамысқа: «Бұл досым кейін ел арасында маған салық қылар», – деген ой келіп, жібек арқанды кесіп жібереді де, зындан түбінде қала береді.
Күндердің күнінде патша қызының серкесі секіріп жүріп зынданға түсіп кетеді. Қойшы келіп серкені сұрағанда, Алпамыс: «Күніне бір қойдан беріп тұрасыңба?» – дейді. Қойшы мақұл көріп, ақыры бар қойын тауысады. Содан кейін Алпамыс қойшыға сыбызғы беріп: «Мұны кешке таман тарт, даусын патшаның қызы естіп келеді. Кім істеді десе, табаныңды тіліп тұз құйса да айтпа», – деп үйретеді. Қойшы сыбызғы тартқан соң, дауысын естіп келген хан қызы ақыры қойшыны қинап шындықты біледі де, зынданға келеді. Қыз бен Алпамыс бір-біріне ғашық болады. Алпамыс қызға: «Атымды алу үшін жаман диуананың киімін киіп патшаның алдына бар. Ат менің белбеуімді көріп оқыранады, сонда тегін бағып беремін де», – деп ақыл береді.
Қыз солай істеп, атын босатып жібереді. Ат Алпамыс жатқан құдыққа келіп, құйрығын салбыратып батырды шығарып алады. Кешке таман Алпамыс, қыз және қойшы үшеуі барлық малын жинап елге аттанады. Он күншілік жол жүріп, аман-есен өз еліне жетеді.
Осылайша, Алпамыс батырдың іс-әрекетінен ақыл мен сабырдың арқасында әрқашан тығырықтан шығуға болатынын түсінеміз.