«Ұлытау» — қазақстандық аспапты этно-рок стиліндегі музыкалық ұжым. Топтың әуендері келесі қолданылаты негізгі аспаптарынан туындайды: домбыра, электр гитара және скрипка.
Мақсат – қазақтың қара домбырасы мен халық күйлерін әлем халықтарына таныту.
Топ мүшелері: гитарада – Максим Кичигин, домбырада – Рүстем Баекеев, скрипкада – Әсел Исаева, пернетақтада – Жанболат Әділов, бас гитарада – Серік Сансызбаев, барабанда – Игорь Джавад-Заде.
Қыдырәлі Болмановтың бастамасымен құрылған топ не бары бес-алты жылда үлкен нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. 2001 жылы Голливудта өткен Бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында Бас жүлдені жеңіп алды. 2004 жылы әлемдік жұлдыздар санатындағы түрік әншісі Тарканның концертінде өнер көрсеткен. Ал, 2005 жылы топ музыканттары Шешенстан Республикасы мен Ингушетия Республикасының Еңбек сіңірген және халық әртістері деген атаққа ие болған. Топтың алғашқы альбомының атауы – «Жұмыр қылыш».
Күйтабаққа он композиция енген. Олардың ішінде күй атасы – Құрманғазының «Адайы», Вивальдидің «Жыл мезгілдері» мен өзге де қазақ күйшілерінің үздік туындылары бар. Альбомның өзі Мәскеудегі танымал студиялардың бірінде жазылса, АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы «Paramaunt Records» студиясында өңдеуден өткен. «Жұмыр қылыш» үнтаспасы негізінен ТМД елдері мен Еуропаның тыңдармандарына арналған.