1970 жылы археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов ұзақ мерзімді зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Есік қаласының маңынан сақ ханзадасы – әйгілі «Алтын адамды» тапты. Содан бері бұл құнды жәдігер Қазақстанның мәдени және рухани игілігіне айналды.
Алтын адам – аң стилінде таза алтыннан жасалған сақ ханзадасының костюмі. Ханзада киімі 70 түрлі үлгіде жасалған 4000-ға жуық алтын бұйыммен көмкерілген. Бұл оның жоғары шеберлікпен жасалғанын және сақтардың металл өңдеуде күрделі технологияларды меңгергенін дәлелдейді.
Сөйтіп, 2010 жылғы 30 қаңтарда сақ ханзадасының қабірі табылған Есік қорымы аумағында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрылды.
Есік қорымы (б.з.д. V-IV ғғ.) Алматы қаласының шығысында, 50-55 шақырым қашықтықта орналасқан Есік өзенінің екі жағалауында, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы – Есік қаласына жақын орналасқан. Қорымның археологиялық ландшафты Құлжа күре жолынан (солтүстік-батыс) басталып, Есік қаласының аумағына (оңтүстік-шығыс) дейін созылып жатыр.
Сақ ақсүйектерінің жерлеу орнына айналған ірі қорымда 80-нен астам қорған бар. Ежелгі заманда бұл қорымның көлемі 1,5 мың гектарды құраса, ондағы түрлі көлемдегі қорғандардың саны 600-ден асқан.
Қазіргі уақытта музей-қорықтың экспозиция залдарында сақ дәуірінің тарихына қатысты палеолит кезеңінен орта ғасырларға дейінгі аралықтағы 500-ден астам жәдігер қойылған.
«Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан археологиясы» және «Уақытша көрмелер залы» атты төрт экспозициялық залдарға қоса, «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі – археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың мемориалдық бөлмесі де орналасқан.
Мекенжайы:
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Өрікті ауылы, С2
Байланыс нөмірі: +7 (727) 306-91-30
issykrm.kz