Меруерт Өтекешева 

Меруерт Қаратайқызы Өтекешева – аты аңызға айналған актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері.

1969-1973 жылдары қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетін, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның класы бойынша бітірді.

Бұдан кейін Мұхтар Әуезов театрының актерлік құрамында үзіліссіз еңбек етті. Театрдағы алғашқы рөлі Шыңғыс Айтматовтың "Құс жолы" повесі бойынша сахналанған "Ана-Жер-ана" спектакліндегі Әлиман рөлі болды. Аталған туындыны 1973 жылы Әзербайжан Мәмбетов сахналаған болатын.

Сондай-ақ, театр қабырғасында жүріп ұлттық классика мен заманауи драматургиядан Мұхтар Әуезовтің "Қарагөзінде" Қарагөздің, "Еңлік-Кебек" дастанында Еңліктің, Тахауи Ахтановтың "Жоғалған досында" Ғайнидің, Дулат Исабековтің "Әпкесінде" Гауһардың, Әлжаппар Әбішевтің "Кәусарында" Кәусардың, Асқар Сүлейменовтің "Жетінші палатасында" медбикенің, Сәбит Мұқановтың "Мөлдір махаббатында" Бәтестің анасының, Роза Мұқанованың "Мәңгілік бала бейнесінде" депутат Күләштің, Тынымбай Нұрмағамбетовтің "Ескі үймен қоштасуында" ананың рөлін сомдады.

Меруерт Өтекешова театр өнерінің жұлдызы болып қана қоймай, кино әлемінде де бірегей рөлдерімен халық көзайымына айналды. "Қыз Жібек", "Ғани Мұратбаев", "Ұлдың оралуы", "Қосымша сұрақтар", "Тентек балалар", "Аждаһа жылы", "Өрнек", "Өтелмеген парыз", "Жауын", "Ақ бақсы", "Шоқан Уәлиханов", "Қазақфильм", "Қырғызфильм", "Махамбет", "Арман қала", "Секіріс" фильмдерінде әртүрлі рөлді сомдады. Мұнымен қатар, соңғы рет 2010-2012 жылдары аралығында "Хабар" агенттігінің "Жаным" телехикаясында ойнаған болатын.

1982 жылы "Қарагөз" қойылымындағы Қарагөз рөлі үшін Мәскеудегі бүкіл одақтық жастар шығармашылығы байқауының лауреаты атанды. 1982 жылы Қазақстан еңбек сіңірген әртісі атағын иеленіп, республикалық "Жігер" фестивалінің лауреаты болды. 1991 жылы КСРО кинематографистер одағының мүшесі болып, 2008 жылы "Құрмет" орденінің иегері атанды. Бұдан өзге 2016 жылы "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" медалімен марапатталды.