Шашу

Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ішінде шашудың алар орны ерекше. Шашу – қуанышты хабарды ағайын-туыс, дос-жаранмен бөлісудің, жақсылықты көпке таратудың әдемі үлгісі. Тіпті «Қуаныш бөліссең көбейеді» деген халық даналығы шашудың табиғатымен үндес.

Шашу, әдетте, сүйінші хабар жеткенде немесе ел-жұртты қуантқан маңызды сәттерде жасалған. Дүниеге сәби келгенде, қыз ұзатылып, келін түскенде, жаңа шаңырақ көтергенде ақ жаулықты әжелер мен елдің үлкендері уыстап тәтті-дәмді шашып, ақ батасын берген.

Шашуға көбіне құрт, кәмпит, тиын секілді заттар дайындалады. Оның өзіндік бір ерекшелігі бар. Шашуды шашқан адамнан басқасы және балалар теріп алады. Жерге түскен тәттіні терген адам осылайша қуаныш иесінің жақсы жаңалығына ортақтасады. «Дәмі жұғысты болсын, жақсылығы өзіме де бұйырсын» деп ырымдап алады.

Мысалы, келін түскенде ауылдың ақ жаулықты әжелері мен жеңгелері жас келіннің алдынан шашу шашып, «Келіннің қадамы құтты болсын!», «Босағасы берік, шаңырағы биік болсын!» деп ақ тілектерін білдірген.

Бүгінде шашу – заманмен бірге жаңғырып келе жатқан дәстүр. Қуанышты бөлісуге деген ықылас өзгерген жоқ. «Көлік алса – шашу!», «Баспаналы болса – шашу!», «Той болса – шашу!» деп халқымыз бар қуанышын осы дәстүрмен атап өтеді. Шашу иесі әрдайым ақжарма тілегін айтады. «Жұғысты болсын» деп ырымдайды.  Мәселен, үйлі болса «Шаңырақтарың шаттыққа толсын!» дейді, ал отау құрса «Шаңырақтарың биік, босағаларың берік болсын!» деп жатады. Арада қанша уақыт өтсе де, шашудың мәні өзгерген жоқ.

Біреудің қуанышын өз қуанышыңдай қабылдау – қазақы болмыстың ең көркем қасиеттерінің бірі. Сондықтан шашу дәстүрі халықтың дархан көңілін, ақ тілегін, бір-біріне деген ықыласын танытатын дәстүр ретінде бүгінге дейін жалғасып келеді.