
«Асар» – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Оның мәні – бір адамның немесе бір отбасының күші жетпейтін ауыр жұмысты көпшілік болып, ерікті түрде әрі ақысыз атқарып беру. Асарға ауыл тұрғындары, ағайын-туыс, көрші-қолаң жұмылып, ортақ іске өз үлесін қосқан.
Асар көбіне үй салу немесе жөндеу, киіз үй тігу, шөп шабу, қой қырқу, егін жинау, құдық тазалау, сондай-ақ табиғи апаттан немесе басқа да қиын жағдайдан кейін шаруашылықты қалпына келтіру кезінде ұйымдастырылған. Асарға қатысушылар еңбегі үшін ақы алмаған. Әркім өз шамасы мен мүмкіндігіне қарай қолғабыс көрсеткен.
Асарға барлық жастағы адамдар қатысқан. Ер азаматтар ауыр жұмыстарды атқарса, әйелдер дастарқан әзірлеп, үй шаруасын ұйымдастырған. Жастар үлкендерге жәрдемдескен. Міндеттердің осылайша үйлесімді бөлінуінің арқасында бір отбасы бірнеше аптада ғана атқара алатын жұмыс қысқа мерзімде аяқталған.
Үй иелері алдын ала туыстары мен көршілеріне көмек қажет болатын уақытты хабарлаған. Белгіленген күні жиналған жұрт өз құрал-саймандарын ала келіп, бірден іске кіріскен. Жұмыс аяқталған соң үй иелері алғыс ретінде дастарқан жайған. Алайда бұл ас асарға қатысушылардың еңбегіне төленген ақы емес, қазақы қонақжайлық пен ризашылықтың белгісі саналған. Асардың басты құндылығы –сыйластық, ынтымақ және қиын сәтте ешкімнің қолдаусыз қалмайтынына деген сенім.
Әсіресе отбасы баспанасынан айырылғанда, асыраушысынан көз жазғанда немесе ауыр жұмысты өз күшімен атқара алмайтын жағдайда асардың маңызы ерекше болған. Қиындыққа тап болған адамды жалғыз қалдырмау – дәстүрлі қазақ қоғамының басты адамгершілік қағидаларының бірі.
Асар адамдар арасындағы татулықты нығайтып, бір-біріне деген жанашырлық пен жауапкершілікті қалыптастырған. Ол бірлескен еңбектің арқасында кез келген қиындықты еңсеруге болатынын дәлелдеген. Сонымен қатар асар көмек қағидатына негізделген: бүгін көмек алған адам ертең өзі де өзгеге қол ұшын созуды азаматтық парыз санаған.
Бұл дәстүр бүгінгі күні де өз өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Еліміздің ауылдары мен қалаларында тұрғындар мұқтаж отбасыларға үй салып немесе баспанасын жөндеуге көмектеседі, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қолдау көрсетеді, қажетті заттарды жинап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Қазақстанда «Асар» атауымен жүзеге асырылып жатқан қоғамдық жобалар да осы дәстүрдің негізгі қағидаттарын жалғастырып келеді.
Асар – бір реттік көмек көрсету емес, адамдарды жақындастыратын, қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайтатын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан маңызды рухани-мәдени құндылық.