Бозоқ: Ежелгі Елорда

Бозоқ елді мекені Астана қаласынан батысқа қарай 5 шақырым жерде, Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қалашық — Қазақстанның далалық аймағында кең көлемде зерттелген алғашқы ортағасырлық ескерткіштердің бірі.

Бозоқ ескерткіші хронологиялық тұрғыдан әртүрлі кешендерден тұрады: ежелгі түрік ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қорымы, стационарлық тұрғын үйлер, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі. Ескерткіш аумағы 40 гектарды құрайды.

Археолог ғалым Кемел Ақышевтың пікірінше, Бозоқ қыпшақ қағанының әскери бекінісі ретінде салынған және Ұлы Жібек жолындағы сауда керуендерін бақылауда ұстаған. Бозоқ қалашығы — Еуразия кеңістігін игеру жолындағы қыпшақтардың алғашқы ордаларының бірі әрі Ұлы Жібек жолының солтүстік далалық бөлігі үшін маңызды қолөнер және сауда орталығы болған.

Тарихи деректерге сүйенсек, Бозоқта қола мен күмістен жасалған бұйымдар, әшекейлер, былғары және қыш ыдыстар саудаланған, сондай-ақ асыл тұқымды жылқылар сатылған.

Бозоқ VII–IX және XVI–XVII ғасырларда ежелгі түріктердің қасиетті жері ретінде қалыптасып, кейін егіншілікпен, балық аулаумен және керуен саудасын басқарумен айналысқан қыпшақтардың ордасына айналды. Бозоқ қалашығының қарқынды дамуы қыпшақ дәуіріне сәйкес келеді. Бұл кезеңде жергілікті халық мал шаруашылығымен қатар егіншілікті де меңгерді, әрі суару жүйесін дамытты. Су қорының молдығының арқасында балық аулау жергілікті кәсіпке айналды.

Алтын Орда дәуірінде (XIII–XVI ғғ.) Бозоқ қалашығы діни-ғұрыптық орталыққа айналып, Нұра–Есіл аймағын мекендеген ақсүйектер осы жерге жерлене бастаған. Бұл кезеңде көптеген жерлеу құрылыстары мен күйдірілген кірпіштен тұрғызылған бес кесене ашылып, зерттелді. Кесенелер маңынан екі кірпіш күйдіретін пеш табылған. Олар X–XV ғасырлардағы Еуразия кеңістігіне тән үлгімен салынған.

XIV ғасырда Бозоқ Нұра–Есіл өңірінің рухани орталығына айналып, кейін мәдени-мемориалдық кешен ретінде қалыптасты.

Мекенжайы:

Астана қ., Тәуелсіздік даңғылы, 54, 6 блок.

Байланыс нөмірі:

+7 (7172) 999-062

rgkpbozok@gmail.com