Мұхтар Әуезов 

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – көрнекті қазақ жазушысы, драматург және ғалым. Ленин (1959) және Сталин сыйлықтарының (1949) лауреаты, Қазақ КСР ҒА академигі (1946). Оның «Абай жолы» роман-эпопеясы әлем әдебиетінің классикасына айналды.

Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр. Тұңғыш көркем туындысы «Еңлік-Кебек», онан кейін «Хан Кене» мен «Қилы заман», «АйманШолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» драмалары да осыны аңғартады. Бұлардың кейбіреуі ел арасында кең тараған, бұрыннан белгілі сюжетке құрылса, «Хан Кене», «Қилы заман» тарихта болған нақтылы оқиғаларды арқау еткен.

Әуезов 20 жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар беріп, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. Отызыншы жылдары бір топ әңгіме («Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші»), пьесалар («Айман–Шолпан», «Тас түлек», «Шекарада», «Түнгі сарын») жазады.

1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл – болашақ романның бір тарауы еді. Осыдан соң, 1940 жылы, Л.Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын жазды.

Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бой «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи романэпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды.

Көркем тәржіме жұмысына белсене атсалысып, И.Тургеневтің «Дворян ұясын» аударды, КСРО жазушыларының ІІ съезінде көркем аударма туралы арнаулы баяндама жасасты.

Ғалым, педагог Әуезов қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадрларын даярлау жөнінде шексіз көп еңбек сіңірді. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды.

КСРО Жазушылар одағы Президиумының, Бейбітшілікті қорғау кеңесі комитетінің, Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ мемлекеттік университетінің көп жылдар бойы профессоры болған Әуезов 4–5сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де зор қоғамдық міндет атқарды.

«Абай жолы» эпопеясынан кейін дәуір шындығын суреттейтін кең ауқымды жаңа эпопея жазуға кіріскен еді. Соның «Өскен өркен» атты 1кітабының нұсқасын салып кетті. Ол 1962 жылы жарияланды.

Әдеби еңбегі үшін жазушы 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Жазушының әдебимемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті. Шығармалар жинағының 50 томының 36 томы жарық көрді (1998–2008).