Елеңке батыр

Баяғы заманда қалмақтармен болған бір сұрапыл соғыста Елеңке атты батырдың барлық сарбаздары қаза тауып, майданда жалғыз өзі қалыпты. Қашып құтылуға толық мүмкіндігі болса да, жаудан қашуды, шегінуді өлімнен де артық көрген қайсар батыр: – Әлім біткенше соғысайын, – деп ақтық демі қалғанша шайқаса береді.

Қалмақтың қол бастаған ханы Елеңкенің батырлығын бұрыннан сырттай еститін еді. Бұл жолы оның орасан зор ерлігіне өзі куә болып, таңғалып: – Тұтқынға тірі алыңдар! – деп қатаң бұйрық береді.

Қалың қол қаулап жүріп, батырды ауыр жаралап, қансыратып, әлсіретіп ұстап алады. Ханның арнайы жарлығымен дәрігерлерге емдеткізіп, батырды тез арада аяққа тұрғызады. Мақсаты – артынан тұқым алайық дегені еді. Осы ниетпен қалмақ ханы Елеңкенің қойнына күн сайын бір сұлу қыздан салып қояды. Бірақ Елеңке:

– Менің артымнан қалған тұқым ержеткен соң, ертең өзімнің туған еліме жау болып шаппай ма? Өйтіп жауымды көбейткенше, өз жөніммен өлейін! – деп, қыздардың ешқайсысына бет бұрып қарамапты.

Хан ашуға мініп, батырға келіп: – Сен біздің қыздарға неге мойын бұрмайсың? Егер бұдан былай көнсең, еліңе аман-есен жіберемін. Ал көнбесең, басыңды алдырамын! – деп сес көрсетеді.

Сонда Елеңке батыр еш тайсалмай: – Жауыма тұқым тастап, ажалдан қорқып құтылғанша, елім үшін адал өлгенім артық! – деп кесіп айтады.

Хан ойының оңға аспайтынына, бұл батырдың бетінен қайтпайтынына көзі жетіп, дереу басын алуға бұйрық береді. Және жендеттеріне: – Өлтірген соң, жүрегін дер кезінде алдыма әкеліңдер! – деп тапсырады.

Елеңкені өлтіріп, жүрегін ханның алдына әкеліп береді. Сонда хан батырдың өшпес ерлігі мен қайсарлығына қайран қалып, арнайы сыншыларын шақырып: – Осының жүрегі кәдімгі адамзаттың жүрегі ме, әлде басқа бірдеменің жүрегі ме, жақсылап қараңдаршы! – дейді.

Сыншылар жүректі пышақпен қақ жарып қараса, тура ортасынан бір тал түк шығыпты.

Қазақта ерекше қайсар, батыр адамдардың ерлігіне таңданып: «Жүрегінің түгі бар екен» дейтін қанатты сөз сол заманнан жеткен екен.