Әйтеке бидің бала кездегі төрелігі

Ертеде Ұлы жүздің атақты биі Төле бидің көршісі Қалмамбет деген ағаштан түйін түйетін шебер ұста болыпты. Бір күні ол Төле бидің үйінің сыртында өскен қисық қайыңды кесіп алып, әдемі ер жасап шығады.

Ерді көрген Төле би:
– Бұл ер маған тиесілі. Өйткені ағаш менің үйімнің жанында өскен. Қаласаң, еңбегіңнің ақысын төлейін, – дейді.

Бірақ Қалмамбет:
– Қайың ағашы жалғыз емес қой. Ұнатқан ағашыңнан өзің де ер жасат. Бұл ерді бермеймін, – деп көнбейді.

Екеуі дауды шешу үшін жолға шығады. Жол үстінде Төле би:
– Алысқа бармай-ақ, алдымыздан кездескен адамға төрелік айтқызайық, – дейді.
Қалмамбет келіседі.

Көп ұзамай олар жылқы бағып жүрген жасөспірім балаға жолығады. Бала үлкендерге сәлем беріп, олардың дауын тыңдайды. Алғашында:
– Менен гөрі үлкен кісілерге барғандарыңыз дұрыс шығар, – деп тартынғанымен, Төле би оның ақылдылығын байқап, төрелік айтуын өтінеді.

Сонда бала екеуінің тымақтары мен қамшыларын алдырып, ортасына ерді қояды да:

– Қапталың – қайың, қасың – тал,
Қалмамбет соққан бір ерсің.
Үйсіннен шыққан Төлесің,
Қу ағашқа таласып,
Не бетіңмен келесің? – деп әділ сөзін айтады.

Бұл төреліктен кейін Төле би ұялып, баланың тапқырлығына тәнті болады. Оның аты-жөнін сұрағанда:
– Атым – Әйтеке. Алшын елінің баласымын, – деп жауап береді.

Сөйтіп, жас кезінен-ақ әділдігімен танылған Әйтеке кейін қазақтың үш ұлы биінің бірі атанып, елге сыйлы тұлға болған екен.