Ақыл. Ғылым. Бақыт

Ақыл, Ғылым, Бақыт үшеуі Ақиқаттың алдына келіп, сарапқа түседі. Ақиқат әрқайсысына жеке-жеке тоқтап, мынадай баға беріпті.

– Ей, Бақыт, сен тұрақсызсың. Орныңды таңдай білмейсің. Басына қонған жанның көзіне шел, көңіліне желік бітіресің. Күндердің күнінде лақтырып тастап кетесің. Ақылмен тізе қос, сонда көп жасайсың!

– Ей, Ғылым, дүниеде жаратылысы сенен күшті не бар? Қажет болса, қара тасты қайнатасың, сақауды сайратасың, жоқтан бар, бардан жоқ жасайсың. Он сегіз мың ғаламды билеп-төстеуді көздеп, адамзатты кейде түзік*, кейде бұзық жолға саласың. Асылы*, абырой алғың келсе, Ақылдың етегінен ұста!

– Ей, Ақыл, патшаға да, пендеге де өзіңнен артық дос жоқ. Бір кемшілігің – Ашу үстіңе кіріп келгенде орныңды беріп шығасың да кетесің. Кейін Ашудың бүлдіргенін жаман-жақсымын деп тағы әлекке түсесің. Әуелден от басында кірпік қақпай отыратындығыңды білсе, Ашу сенің үстіңе кірмеген болар еді. Менің тілек-батам: «Ақыл, сен адам бол. Ғылым, сен ат бол. Бақыт, сен қамшы бол. Үшеуің біріксең, ешбір мұң-мұқтаждарың болмасын», – депті.