Әмина Өмірзақова

Қазақ халқының сүйікті актрисасы Әмина Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Семей облысының Абай ауданы, Шыңғыстау бөктеріндегі Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, Қаптығай есімді ағасының қолында өседі. Кейін осы ағасының отбасы 1932 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Осылайша Әмина Өмірзақова оңтүстік астанада білім алып жүріп Борис Ерзакович жүргізетін хор үйірмесіне қатысады. Халық ақшадан қысылған қиын заманда радиода ән айтып, үйіне ақша жіберіп көмектеседі.

1934 жылы болашақ актриса Ленинград қаласындағы театр мен кино өнері институтының жастарды оқуға шақырған хабарландыруын көреді. Кейін жолы болып оқуға түсіп, актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алады. Небәрі 15 жастағы Әмина Өмірзақова КСРО халық әртісі Василий Меркурьев пен профессор Ирина Мейерхольдтан білім алып, актерлік техниканың қыры мен сырын меңгере бастайды. Институт қабырғасында жүріп "Ленфильмнің" көптеген туындысында екінші деңгейлі рөлдерді сомдап, кино әлеміне қадам басады.

Оқуды тәмамдағаннан кейін Әмина Өмірзақова 1938 жылы Василий Меркурьев шәкірттерімен бірге Шымкент қаласында ашқан қазақ драма театрына жұмысқа тұрады. Алғаш Мұсатай Ақынжановтың "Ыбырай Алтынсарин" атты тарихи пьесасында Шәуәлидің рөлін сомдайды. Пьесада бала іс-әрекетін, жүріс-тұрысын айнытпай салуы, оның дауысын нанымды келтіруі Әмина Өмірзақованы зор табысқа жеткізеді. 1958 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық Жастар театрының фестивалінде Шәуели мен Дмитрий Фурмановтың "Бүліншілік" пьесасындағы Камал рөлі үшін лауреат атанып, І және ІІ дәрежелі құрмет дипломымен марапатталады.

Бұдан өзге ол 1938-1940 жылдары аралығында Жұмат Шанин атындағы Шымкент облыстық драма театры сахнасында Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш — Баян Сұлуында" басты рөлді, Гольдонидің "Екі мырзаға бір қызметшісінде" Смеральдинаны, Мұхтар Әуезовтің "Түнгі сарынында" Мөржанды сомдайды.

Кейін 1949-1999 жылдары аралығында Алматы қаласында орналасқан Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында Шиллердің "Зұлымдық пен махаббатында" Луизаның, Қапан Бадыровтың "Алтын сақасында" мыстан кемпірдің, Борис Горбатовтың "Әкелер жастығында" Ефимчиктің, Шахмет Құсайыновтың "Рабиға", "Біздің Ғани", "Күн шуақтасында" Рабиға, Сағадат және Қанзипаның, Шекспирдің "Екі верондығында" Джулияның, Сәбит Мұқановтың "Мөлдір махаббатында" Қалисаның, Тахауи Ахтановтың "Күшік күйеуінде" Гүлжамалдың, Шыңғыс Айтматовтың "Алғашқы мұғалімінде" Алтынайдың және т.б.-лардың рөлін сомдады.