Қылыш жеткеру технологиясы

Қазақ ұсталары үшін қылыш жасау бірнеше кезеңнен тұратын күрделі технологиялық үдеріс болған. Жазушы Таласбек Әсемқұловтың деректерінде қылыш жеткеруге керек негізгі төрт зат – темір кені, от, суғарынды және қасат.

Алдымен темір кені көмірмен араластырылып, биіктігі шамамен екі метр болатын «қоза там» пешінде қорытылған. Алғашқы алынған темірдің құрамында түрлі қоспалар көп болған. Оны балшықтан жасалған «қорамаға» құйып, ұзынша кесек алған. Бұл кесектерді су жиналатын, сортаңдау жерге бірнеше жылға көміп қойған. Алты-жеті жыл, кей жағдайда он жыл өткен соң темір қазылып алынады. Одан кейін ұсақталады. Темір тотығы тас диірменде тартылып, ұнтақталған соң бірнеше мәрте сумен қайнатылып тазартылған. Соңында қайта қорытылып, таза темір алынған.

Қылыштың беріктігін қалыптастыру үшін темір бірнеше рет бүктеліп, қайта қыздырылып соғылған. Әр бүктеу барысында қабат саны екі еселеніп отырған. Мәселен, темірді 12 рет бүктегенде 4096 қабат пайда болады. Демек «1200 қабат» немесе «1500 қабат» алу үшін темірді дәл сонша рет бүктеу қажет емес. Осындай көп қабатты құрылым қылыштың ішкі беріктігі мен серпімділігін арттырған.

Келесі жауапты кезең – суғару. Бұл үшін арнайы қасат әзірленген. Қасат сумен араластырылып, қылыштың жүзіне белгілі бір өрнек бойынша жағылған. Қасатпен жабылған бөлік оттың қызуын өткізбей, жұмсақ күйінде қалған. Қылыш 16-17 рет суғарылады. Таласбек Әсемқұловтың айтуынша,  қылышты оттан алып суғарындыға салғанда отқа қызған жер ғана шыңдалады, ал қасатпен қапталған жер суғарылмаған күйінде қалады. Осылайша 16 рет суғарылғанда қылыштың жүзіне 16 түрлі сурет салынады.

Осы әдіс арқылы қылыштың кесетін жүзі қатты, ал негізгі тұлғасы иілгіш әрі төзімді болған. Қылышты тұтастай суғару оның морт сынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан қасатпен өрнек түсіру технологиясы қарудың қаттылығын ұстауға бағытталған.