Қорқыт ата

Қорқыт ата – VIII ғасырда Сыр бойында бұрынғы Жанкент қаласы маңында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші. Сонымен бірге ол туралы көптеген аңыздар сақталған. Ел аузындағы аңыздарда Қорқыт ата мәңгі өлмейтін өмір іздеуші, мәңгілік өмір үшін қайтпас күрескер сипатында айтылады. Бірақ ол өмірінің соңында өлмейтін нәрсе жоқ екен деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді екен. Ұлы күйшіге өзі іздеген мәңгілік өмір оның өнерінде сияқты көрінеді. Ол күйлерін толласыз тартып, дүниеден өтеді. 

Өзі өлгенмен артында күйлері, ұлғатты сөздері қалады. Ал әдебиет тарихында деректі түрде Қорқыт ата кітабы бар. Қорқыт ата кітабы осы күнге дейін Дрезден қаласында он екі жырдан тұратын қолжазба күйінде және Италияда алты жырдан тұратын қолжазба күйінде сақталып келеді. Қорқыт ата кітабын VIII ғасырларда және одан да бұрын туған аңыздардың жинағы деуге болады. Оларды жыр түрінде жазған-Қорқыт ата. Кітапта қазақ халқының құрылуына тікелей қатысы бар, тарихта белгілі оғыз тайпаларының тағдырына байланысты оқиғалар баяндалады. Қорқыт ата кітабы мынадай жырлардан тұрады: – Дерсе хан ұлы Бұқаш туралы жыр, – Қазан бектің ауылын жау шапқаны туралы жыр, – Оғыз қаған жыры т. б. Қорқыт ата кітабының жырлары оғыз тайпасының туған жерін, елін сыртқы жаулардан қорғау үшін қан майданға шыққан алып батырларының ерлігі туралы толғайды.