Бейсен Құранбек 

Бейсен Құранбек (1971–2020) - танымал тележүргізуші.

Ол 1971 жылы 9 желтоқсанда Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Ал журналистикадағы еңбек жолын республикалық "Спорт" газетінде бастаған, мұнда ол тілші, жауапты хатшы қызметін атқарған. Ал кейін карьерасының қалған бөлігі телевизия саласында өтті. "Рахат", "31 арна", "Хабар" телеарналарында жұмыс істеген, Президент телерадиокешенінде де қызмет атқарған.

2007-2012 жылдары Бейсен Құранбек Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болды.

Ал оны елге танымал қылған 2013 жыл деуге болады. Сол жылы Qazaqstan телеарнасындағы "Айтуға оңай" ток-шоуын жүргізе бастады. Эфирде төрт жыл болған бағдарлама Бейсен Құранбекті танымал тележүргізушіге айналдырды.

Ал 2017 жылы "Айтуға оңай" бағдарламасы жабылып, Құранбек өз командасымен бірге жаңа ток-шоу ашты. Бұл жолы ол "Қарекет" деп аталды. "Қарекет" 2018 жылы "Тұмар" ұлттық телевизиялық бәйгесінде "Үздік әлеуметтік жоба" атағын алған еді. Бұл бағдарлама былтыр маусымда аяқталған.

2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалған. Өмірінің соңғы күндеріне дейін ол телеарна басшысы қызметін атқарып келді.

Бейсен Құранбектің телевизия саласындағы жетістіктері аз емес. 2006 жылы ол Қазақстан Президенті сыйлығының иегері болған. Кейін ҚР мәдениет қайраткері атанған.