Жұмат Шанин – режиссер, драматург, актер, қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам және театр қайраткері.
1892 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Желтау маңында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өздігінен білімін жетілдірген. Жастайынан ән-күйге, халықтық ойын-сауыққа қызығып, домбыра тартуды үйренген.
1913 жылы Омбы қаласына барып жұмыс істейді. Сол жерде Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов, Бекен Серкебаевтармен танысып, қоғамдық және мәдени ортаға араласа бастайды. 1917 жылдан бастап Қарқаралы, Павлодар, Зайсан, Семей қалаларында түрлі қоғамдық қызметтер атқарған.
1920 жылы Семейде «Ес-аймақ» труппасын ұйымдастырып, режиссерлік қызметін бастайды. Осы труппада өзінің «Арқалық батыр» пьесасын және Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» шығармасын сахналап, басты рөлдерді де өзі орындаған. 1926 жылы Қазақтың мемлекеттік драма театрының директоры болып тағайындалып, ұлттық кәсіби театрдың қалыптасуына үлкен үлес қосты.
Жұмат Шанин театр өнерін дамытуға, актерлік мәдениетті көтеруге және репертуар сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар «Торсықбай», «Арқалық батыр», «Шахта» пьесаларын жазып, олар республиканың көптеген театрларында қойылды.
Ол сондай-ақ музыкалық театрдың қалыптасуына да атсалысып, Қ. Жандарбековпен бірге Е. Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларын сахналауға қатысқан.
Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин 1938 жылы 26 ақпанда Алматы қаласында дүниеден өтті.