Қазақстан павильоны 61-ші Венеция биенналесінде «Қоңыр: архив үні» жобасын ұсынады

Қазақстан павильоны 61-ші Венеция биенналесінде «Қоңыр: архив үні» жобасын ұсынады

2026 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан 9 мамыр мен 22 қараша аралығында өтетін 61-ші Венеция заманауи өнер биенналесінде ұлттық павильонын ұсынады.

Биыл алғаш рет павильонның кураторлық тұжырымдамасы қазақстандық мамандар арасында өткен ашық конкурс арқылы іріктелді. Нәтижесінде Қазақстан Сырлыбек Бекботаның авторлығы мен кураторлығымен жүзеге асатын «Қоңыр: архив үні» жобасын таныстырады. Экспозицияға тоғыз суретші қатысады: Ардақ Мұқанова, Гүлмарал Тәттібаева, Наталья Лигай (ADYR-ASPAN), Анар Әубәкір, Әсел Қадырханова, Смайыл Баялиев, Нұрбол Нұрахмет, Мансур Смағамбетов және Оралбек Қабөке.

Biennale Arte 2026-ның In Minor Keys атты жалпы тақырыбына жауап ретінде Қазақстан павильоны «қоңыр» ұғымын метафоралық тұжырым ретінде ұсынады.

«Қоңыр» сөзі қазақ дүниетанымында ерекше мәнге ие. Тура мағынасында ол «қоңыр түсті» білдіргенімен, метафоралық тұрғыдан әлдеқайда кең ұғымды қамтиды: дыбыстың ерекше тембрі, жер иісі, тыныштықтың қоюлығы, мағына декларация арқылы емес, сезім мен ішкі тыңдау арқылы туатын терең үнсіздік күйі.

Museo Storico Navale музейінің өзара байланысқан алты залында орналасатын Қазақстан павильоны келушілерге сезімдік тұрғыдан терең әсер беретін ерекше кеңістік ұсынады. ADYR-ASPAN дыбыстық инсталляциясы арқылы кеңістікке таралатын алыстан естілген ат тұяғының дүбірі көрерменді дала тынысының баяу тербелісіне жетелейді. Одан әрі көрме өзара сабақтас, бірақ әрқайсысы дербес кеңістіктер арқылы өрбиді.

Бірінші зал – «Айтыс». Куратор Сырлыбек Бекботаның қазақтың дәстүрлі музыкалық-поэтикалық сайысына арналған бейнеинсталляциясы. Жұмыс айтысты тірі диалог пен сыни ойлау кеңістігі ретінде ашып көрсетіп, ауызша дәстүр мен қоғамдық пікірдің тоғысын бейнелейді.

Екінші залда «Бейімделу қабаты» инсталляциясы екі суретші – Мансур Смағамбетов пен Оралбек Қабөкенің камералық диалогын қалыптастырады. Олардың бірі 1980-жылдары қалыптасқан суретшілер буынын таныстырса, шетелде өмір сүріп, кейін Қазақстанға оралған екіншісі жергілікті контексті зерттей отырып, мәдени және жеке бейімделу үдерістерін ашады.

Одан әрі көрме бастан өткерілген тарих тақырыбына ойысады. «Ас дайындау тәсілдері» атты жұмысында Нұрбол Нұрахмет кеңестік кезеңдегі үй интерьерінің кеңістігін жаңаша пайымдайды. Ал Мансур Смағамбетовтің «Балалық шақтың дыбысы» инсталляциясы Семей ядролық полигоны маңында өткен балалық шақ туралы толғанысқа құрылған.

Келесі залда тарих құжат түрінде көрініс табады. Әсел Қадырханованың «Машина» атты жұмысы ескі баспа машинкасын және қызыл жіппен байланыстырылған, мәтіні өше бастаған тұтқындау парақтарын пайдаланады. Ал Анар Әубәкірдің «Жаңа субъектінің матрицасы» инсталляциясы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан отбасылық жәдігер – көрпені ready-made нысанына айналдырып, сол арқылы жоғалту мен жадының нәзіктігі метафорасын бейнелейді.

Саяхат Ардақ Мұқанованың «Қоңыр Әулие» атты үш арналы бейнеинсталляциясымен аяқталады. Киелі орынға арналған бұл жұмыс LIDAR-сканерлеу технологиясы арқылы көне үңгірдің цифрлық моделін жасап, оған жақын орналасқан ауыл тұрғындарының дауыстарын негізгі баяндау өзегіне айналдырады.

«Қоңыр: архив үні» көрмесіне ұсынылған барлық туындылар павильон кеңістігін біртұтас көркем орта ретінде қалыптастырып, көрерменді баяулап, терең тыңдауға шақырады. Дыбыс, материал және экспозиция архитектурасы арқылы көрме ұжымдық жады, тарих және рухани төзімділік туралы ойлануға мүмкіндік беріп, көркем кеңістікті де, қоршаған әлемді де барынша зер сала қабылдауға үндейді.

Көрме XX ғасырдағы композитор Әбікен Хасеновтің дәстүрлі қазақ аспаптық шығармасы – «Қоңыр» күйінен шабыт алған.

Қазақстанның көрмеге қатысуы «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен жүзеге асып отыр.

308
06.03.2026